Тұтынушылардың шағымы артып барады - Сауда министрі
Елімізде тұтынушылардың құқықтарының бұзылуына қатысты шағымы артып барады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Тұтынушылар құқықтарының бұзылуына қатысты шағымдар жыл сайын өсуде. Егер 2020 жылы министрлікке 21 мың өтініш түссе, 2022 жылы бұл сан 30,2 мыңға дейін ұлғайды. Осы жылдың 9 айында өтініштер саны өткен жылға қарағанда артып, 33 мыңнан аса өтініш түсті», - деді министр БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында.
Оның дерегінше, басқа мемлекеттік органдарға келетін өтініштерінің саны осы жылдың 9 айында шамамен 74 мыңға жетіп отыр.
«Шағымдардың ең көп саны бөлшек саудада - 37, электрондық саудада - 20, тұрмыстық қызметтерде - 10, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта – 7 пайызға жуық, ал байланыс қызметінде 5 пайыз мөлшерінде тіркелген. Аталған көрсеткіштер бір жағынан – тұтыну таңдаудағы деңгейінің артуын, екінші жағынан – жосықсыз кәсіпкерлік қызметтің өсуін көрсетеді», - деді Арман Шаққалиев.