Тұтынуға жарамсыз азық-түлік сатқан кәсіпкерлерге 300 млн. теңгеден астам сомаға айыппұл салынды

АСТАНА. 18 шілде. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында тұтынуға жарамсыз азық-түлік сатқан кәсіпкерлерге 300 млн. теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

Тұтынуға жарамсыз азық-түлік сатқан кәсіпкерлерге 300 млн. теңгеден астам сомаға айыппұл салынды

Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин мәлім етті.

Оның атап өтуінше, санитарлық талаптардың өрескел бұзылуына байланысты 31 мыңнан астам айыппұл салынған. Сомасы 300 млн. теңгеден асып жығылады. Сондай-ақ 551 нысанның жұмысы тоқтатылып, түрлі ереже бұзушылықтарға жол бергендерге қатысты тергеу органдарына 769 материал жолданған.

«Ағымдық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жүргізу барысында мамандар барлық өңірлерден 177 тонна азық-түлік өнімдерін, оның ішінде Қазақстанға импортталған 49 пайыз және отандық өндірушілердің 51 пайыз өнімдерін сатылымнан алған», - деді Ж.Бекшин.

Оның атап өтуіне қарағанда, сатылымнан негізінен көкөністер мен жеміс-жидектер алынған. Олардың басым бөлігінің сақталу мерзімі өтіп кеткен.