Тұтынушылар қоғамдық бірлестіктерінің өкілеттік аясы кеңейе түседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда тұтынушылар қоғамдық бірлестіктерінің өкілеттік аясы кеңейе түседі. Бұл туралы бүгін Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім болды. Онда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылар құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.

Тұтынушылар қоғамдық бірлестіктерінің өкілеттік аясы кеңейе түседі

Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты тұтынушылар құқығын қорғау саласын реттеу қағидаттарын айқындау, тұтынушылар құқығын қорғауға бағытталған жаңа тетіктерді енгізу мен қолданыстағы механизмдерді жетілдіру болып табылады. «Сонымен қатар, заң жобасы бойынша тұтынушылар құқығын қорғау жүйесінің мемлекеттік реттеу сапасын жақсартуға бағытталған шаралар қамтылады. Тұтынушылар қоғамдық бірлестіктерінің рөлі кеңейе түседі», - деді вице-министр. Оның айтуынша, заң жобасы арқылы тауарларды сату, қайтару және ауыстыру талаптары жетілдіріле түседі. Жұмыстарды атқару мен қызметтер көрсету шарттары нақтыланып, электрондық сауданың құқықтық қағидаттары айқындалады.

«Бұдан бөлек, тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі заңнаманы жетілдіру жөніндегі мемлекеттік органдардың салалық үйлестіру жұмыстарын күшейту қаралып отыр. Соған орай Үкіметке, одан әрі ҚР Президентіне жолданатын Қазақстандағы тұтынушылар құқығы қорғалуының жай-күйіне байланысты жыл сайынғы есеп әзірленетін болады. Тұтынушылардың және тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі мемлекеттік органдардың шағымдарына жартыжылдық және жылдық талдаулар жасалады», - деді Т. Жақсылықов.

Оның айтуынша, қоғамдық бірлестіктер өкілеттігін нығайту үшін тиісті мемлекеттік органдарға қауіпсіздік пен сапа талаптарына сәйкеспейтін тауарларды шығарып, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді жүзеге асырған кінәлі тұлғаларға қатысты шаралар қолдану туралы ақпараттар жолданатын болады. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне тұтынушылар мүдделері үшін талап-арыздар беру құқығын жүктеу де ұсынылып отыр.

Заң жобасы палатаның алдағы уақытта өтетін жалпы отырысына шығарылады.