Тұтынушылар құқығын бұзған монополистерге 3,1 млрд. теңге сомасында айыппұл салынды - М.Оспанов

АСТАНА. 1 қазан. ҚазАқпарат - Тұтынушылар құқығын бұзған монополистерге 3,1 млрд. теңге сомасында айыппұл салынды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов мәлім етті.

Тұтынушылар құқығын бұзған монополистерге 3,1 млрд. теңге сомасында айыппұл салынды - М.Оспанов

Инвестициялық бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру үшін агенттік монополистерге бақылауды, оның ішінде қоғамдық мониторинг жүйесі арқылы бақылауды күшейткендігін баса айтқан М.Оспанов: «Ағымдағы жылы тұтынушылардың құқықтарын бұзуға жол бермеу мақсатында 284 тексеру жүргізілді, 1018 нұсқама енгізілді. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 3,1 млрд. теңгені құрайды», - деді.

Соның қатар оның айтуынша, тұтынушыларға келтірілген залалды өтеу мақсатында 1,2 млрд. теңге сомасында уақытша өтемдік тарифтер енгізілген.

«Сыртқы ауа температурасының өзгеруіне байланысты қайта есептеу нәтижесінде 2012-2013 жылдарғы жылу беру кезеңі үшін халыққа қайтарылған қаражат шамамен 500 млн. теңгені құрады», - деді агенттік басшысы.