Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі құс шаруашылығы өнімдерін таратушыларды тексермек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі құс шаруашылығы өнімдерін таратушылардың қызметіне тексеру жүргізбек. Бұл жайында агенттіктің тауық жұмыртқасын тасымалдау және сату проблемалары бойынша құс шаруашылығы өнімдері өндірушілерімен болған кеңесінде мәлім болды.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, республиканың ішкі нарығында сәйкесінше таңбасыз тасымалданып, сатылымға түскен, қайдан жеткізілгендігі белгісіз жұмыртқа өнімдерінің сатылу фактісі жиілеп кеткен.
Бұған қоса, бірқатар сауда кәсіпорындары жеткізушіден өнімнің ветеринарлық анықтамасы мен сертификатын сұрамастан, отандық өндірушілердің жалған таңбасы белгіленген өнімдерді саудалауда. Аталған өнімдердің сапасы нағыз өндіруші тауарының сапасына сай келмейді. Осылайша, олар нағыз өндірушілердің абыройына нұқсан келтіруде.
Кейде аталған өнімдер өнімнің қауіпсіздігі мен құнарлылығының сақталуына кепілдік берілмейтін жерлерде де саудаланып жатыр. Кеңес қорытындысында агенттікпен аталған өнімдерді тасымалдау және саудалаумен айналысатын кәсіпкерліктерді меншік нысанына қарамастан тексеруге бағытталған бірқатар бақылау-қадағалау шараларын ұйымдастыру жоспарланды.