Тұтынушылар құқығын қорғау, метрология және сауда комитеттері біріктіріледі
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрнің орынбасары-Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне азық-түлік нарығын бақылауға ведомствоның адамдары жетпей жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жаңа ғана Премьер-Министр тапсырма берді. Өңірлерде нарықты бақылайтын комиссияларымыз бар. Сол комиссияларда жұмыс дұрыс атқарылмаған, формалды ғана болған. Ол туралы ресми ақпарат тараттық та. Екі өңірде әкімнің орынбасары әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатыр», - деді министр.
Серік Жұманғариннің айтуынша, Үкімет өз қарамағындағы министрлікті ішінара құрылымдау туралы мәселе көтерген.
«Қазір бізде адамдар жетпей жатыр. Министрліктегі метрология, сауда, тұтынушылардың құқығын қорғау комитеттерін біріктіріп, бір департамент жасаймыз. Себебі бүкіл адамдарды бір уысқа біріктіру қажет болып отыр. Бақылауға алуға адам жетпей жатыр», - деді Серік Жұманғарин.