Тұтынушылар өздерінің құқығына немқұрайды қарайды - Айман Имантаева

АЛМАТЫ. 11 маусым. ҚазАқпарат - Тұрғындар сауда орындарынан қандай да бір сапасыз тамақ өнімдерін сатып алса оны лақтырып тастаумен шектеледі.

Тұтынушылар өздерінің құқығына немқұрайды қарайды - Айман Имантаева

 Бұл турал бүгін Алматыда өтіп жатқан «Өнеркәсіп кәсіпорындарындағы кәсіби аурулардан сауықтырудағы дұрыс тамақтану және денсаулық үшін ауыр еңбек тәртібін төмендету салдарлары» деп аталатын дөңгелек үстел жиынында айтылды.

«Былтыр да, ағымдағы жылы да бізге 2011 жылы және ағымдағы жылы тамақ өнімдерінің сапасына байланысты нақты бірде-бір шағым түскен  жоқ. Көп жағдайда тұтынушылар өз құқын қорғау үшін  ешқайда шағымданбайды. Сауда орындарынан отбасының қажеттілігі үшін сатып алған  1-2 литр сүт не айраны сапасыз болса, оны лақтырумен ғана шектеледі», - дейді қалалық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің Азық-түлік нысандарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бастығы Айман Имантаева. Оның айтуынша, бұған олардың көбіне-көп бағасының арзандығына қызығып, сапасы күмәнді өнімді жайма базардан  сатып алуы түрткі болуда. Сондай-ақ өзінің құқына немқұрайды қарауы да ықпал жасауда.  Егер тұтынушылардың өз еңбегіне және денсаулығына деген  жауапкершілігі жоғары болса, қазір қалада өнім сапасына сараптама жасауға қажетті зертханасы бар ұйымдар қалада жеткілікті. Тіпті тұтынушылар құқын қорғау одағы, Кәсіпкерлер одағы сияқты арнайы ұйымдарға жүгінуге де мүмкіндік бар.