Тұтынушылар ұлттық лигасына 25 жыл ішінде жүз мыңнан астам шағым келіп түскен

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның Тұтынушылар ұлттық лигасының құрылғанына биыл 25 жыл толды. Бүгін Алматыда осыған орай өткізілген баспасөз мәслихаты барысында Лиганың президенті Светлана Романовская 25 жыл ішінде атқарылған қызметті қортындылап, тұтынушылар құқықтарын қорғауға қатысты ҚР заңнамалық актілеріне енгізілген түзетулер жөнінде әңгімеледі.

Тұтынушылар ұлттық лигасына 25 жыл ішінде жүз мыңнан астам шағым келіп түскен

«Соңғы 25 жыл ішінде Тұтынушылар ұлттық лигасына сапасыз тауарлар мен көрсетілген қызметтерге, дұрыс қызмет көрсетпеуге және де тапсырыстарды дер кезінде орындамауға байланысты 100  мыңнан аса адам шағымдарын жолдады. Бұл шағымдар сотқа дейінгі кінәрат-талаптарды жіберу, медиациялық және сот тәртібі бойынша шешімін тапты. Нәтижесінде сот арқылы тұтынушыларға жалпы сомасы 250 миллионнан астам теңге болатын материалдық зиян мен моралдық залал өтелді», - деді Светлана Романовская.

2014 жылы Лигаға - 3150 шағым, 2015 жылы - 4195 және 2016 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша - 2033 шағым жолданған.   

Келіп түскен шағымдарға жүргізілген талдау қорытындысына сүйенсек, шағымдардың көпшілігі тұрмыстық техникаға (25%), медициналық қызметтерге (15%), туристік қызметтерге (13%), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа (10%) қатысты болған. Сонымен қатар, ұялы байланыстың сапасы, медициналық косметологиялық қызметтер, монополистердің қызметі, бағаларды негізсіз көтеру, келісімшарт міндеттемелерін орындамау, тауарлардың заттаңбасындағы баға мен кассадағы бағаның сәйкес келмеуі, қоғамдық тамақтандыру орындарында сапасыз қызметтердің көрсетілуі және басқа да жағдайларға қатысты да шағымдар келіп түскен.