Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті «ABDI» дүкенінің қызметіне қатысты түсінік берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздегі тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті кеңсе тауарларын сататын «ABDI» дүкенінің қызметіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Біз аталған комитетке «ABDI» кеңсе тауарлары дүкенінің А3 және А4 қағазын сатып алу үшін қосымша кеңсе тауарын сатып алу міндетін қойғаны қаншалықты заңды деген сауал жолдадық.

«ҚР тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңның 28 бабы 1 және 1-1 тармағына сәйкес аталған әрекет заң бұзуға жатады», - дейді комитеттен.

Яғни жоғарыда аталған заңның 28 бабында сатушы (дайындаушы, орындаушы) тауарды еркін таңдауды қамтамасыз етуге міндетті:

28 баптың 1 тармағына сәйкес сатушы тұтынушыға ыңғайлы уақытта тиісті сападағы тауарды (жұмыс, қызмет) еркін таңдауды қамтамасыз етуге міндетті. Тұтынушыға тауарды белгілі бір мөлшерде немесе мәжбүрлеп сатуға тыйым салынады.

Сондай-ақ, сол баптың 1-1 тармағы бойынша белгілі бір тауарды алу үшін екінші (қосымша) тауарды сатып алуға міндетеуге тыйым салынады.

Одан бөлек, тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңның 7-бабында тұтынушылардың барлық құқығы көрсетілген. Оның қатарында тұтынушылардың тауарды еркін таңдау құқығы да бар.

Осы орайда Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті отандық тұтынушыларға бірнеше кеңес берді.

Тұтынушының таңдау құқығы бұзылған жағдайда кәсіпкер қандай жауапкершілікке тартылады?

Егер тұтынушы шағым түсірсе және оған 10 күннің ішінде жауап бермесе (немесе кеш жауап берсе) кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартуға болады. Одан әрі сатып алушы тұтынушылардың құқығын қорғау туралы өңірлік органға шағыммен жүгіне алады. Уәкілетті орган бизнес субъектісін тексереді. Егер факті расталса, онда әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Тұтынушы өз құқығын қалай қорғай алады?

Тұтынушы өз құқығын қорғау үшін оны білу керек. Яғни бірінше кезекте тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңмен танысқан жөн. Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің тұтынушыларды алдау, жаңылыстыру тағы сол сияқты баптарын зерделеген абзал. Сол сияқты тұтынушы құқығы бұзылған жағдайда кез келген азамат құзырлы органға жүгіне алады.


Соңғы жаңалықтар