Түйе балуандар сайысында қазақстандық ұтылып қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өтіп жатқан қазақ күресінен әлем чемпионатының түйе балуандар сайысында ел намысын қорғап жатқан астаналық балуан Айбат Сейтен түйе балуандар сайысының ширек финалында ұтылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түйе балуандар сайысында қазақстандық ұтылып қалды

Ол ширек финалда тәжікстандық балуан Дадахон Құрбаналиевтен жеңіліп қалды. Осылайша қазақ балуандары үшін әлем чемпионаты аяқталды.

Естеріңізге сала кетейік, екі күннің қорытындысы бойынша Қазақстан балуандары 6 алтын, бір қола медаль еншілеп жалпы есепте топ жарды.

Жарыстың алғашқы күні 55 келіде өнер көрсеткен Марат Нығматуллаев, 82 келі салмақта сынға түскен балуанымыз Ерсұлтан Мұзафаров және 90 келі салмақта Әділжан Ыстыбаев чемпион атанса, аса ауыр салмақта Русылан Әбдіразақов қола медаль жеңіп алды.

Әлем біріншілігінің соңғы күні тағы да ел қоржынына үш алтын медаль түсті. Бұл күні  60 келі Қуаныш Ысқақов, 66 келі  салмақта Қасымхан Төленбай және 74 келі салмақта Ғалымжан Әбдірахманов чемпион атанды.

Бас жүлдені жеңіп алған балуанға 2 мың, екінші орын иегерлеріне 1 мың, ал үшінші орын алғандар 500 АҚШ долларына ие болды.

Жалпы, әлем біріншілігіне 40 мемлекеттен 166 балуан келіп қатысты. Олар 9 салмақ дәрежесінде 40 медаль жиынтығын сарапқа салды. 

Фото baq.kz