«Түйе етiнен шұжық жасаған университет» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 6 наурыз, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Түйе етiнен шұжық жасаған университет» - баспасөзге шолу

***

"Егемен Қазақстан" басылымы «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты Ұлттық қордан тағы 76 млрд. теңге бөлінетінін хабарлап отыр.

"Қаржы министрлігі өткен айдың 11-ші жұлдызында болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалар бойынша бірқатар шаралар қарастырыпты. Атап айтқанда, ағымдағы жыл мен орта мерзімдегі болашақта экономикалық саясатты жүргізу жөніндегі тапсырмаларды орындауға байланысты нақты шешімдер қабылданған. Осы туралы әңгімелеген министр, мақсатқа жету үшін қысқа мерзімде дайындалған арнайы заң Парламент Сенатының қарауында екенін айтты. Соған қарағанда, таяуда Парламент Сенаты ағымдағы жылғы бюджет жобасын нақтылау туралы өз шешімін қабылдайтын болады. «Ағымдағы жылдың 11 ақпанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы біраз тапсырма бергені мәлім. Солардың ішінде ең маңызды мәселелердің бірі сыртқы экономикадағы ахуалдардың бүгінгі еліміздің экономикасына кері әсерлеріне қарсы шараларды дер кезінде қабылдау болып тұр, олардың қатарында қаржылық шаралар да бар», деді Б.Сұлтанов", - делiнген материалда. Толығырақ, "Заң әр теңгенің тиімді жұмсалуын қадағалайды" атты материалдан оқи аласыздар.

"Егемен Қазақстан" басылымы «Мәдени мұра» бағдарламасы руханият қазынасына не қосты?» деген сауалдың айналасында ой өрбiткен талдамалы материал ұсынып отыр.

"Осы жылдар ішінде 93 тарихи-мәдени нысанға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, оның 73-інде қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. Солардың ішінде - оңтүстік өңірдегі Арыстанбаб, Есімхан, Айша-Бибі, Абат-Байтақ, мешіт-медресе Аққойлы, Ақтас, Қараман Ата, Қарашаш Ана, Жүсіп Ата, Қара Қожа, Ақкесене, Мірәлі Баб, Асанас кесенелері, БабаАта, Қалжан Ахун мешіт-медреселері, Орал қаласындағы Бірінші әскери училищесі (XIX ғ.), Алматы қаласындағы көпес Филипповтің үйі, Қапшағай түбіндегі Таңбалытас петроглифтері, Ақтөбе облысындағы Қарағұл кесенесі бар. Айта кететін жайт, бұлардың көбі магистралдық жолдардың бойында немесе елді мекенді жерлерде орналасқан. Сол себепті, оларды республикалық және халықаралық туристік маршруттарға енгізуге мүмкіндік жасалды", - деп жазылған "Барымызды түгендеп, жоғымызды тапқызған" атты мақалада.

Сонымен қатар, Дамаск қаласындағы Бейбарыс сұлтанның кесенесін қалпына келтіру жұмыстары 2010 жылы аяқталып, Қазақстан мен Сирия жағынан құрылған арнайы комиссия атқарылған жаңғырту жұмыстарын қабылдап алды. Каир қаласындағы Бейбарыс сұлтанның мешіті де, Қазақстан тарапынан тиесілі қаражат бөлініп, ол толығымен жүзеге асырылды.

"Сонымен бірге, өз еліміздегі 40-қа жуық қорған мен қалашықтарда археологиялық зерттеулер жүргізілді. Атап айтқанда, Ақмола облысындағы Бозоқ, Алматы облысындағы Есік, Қойлық, Талғар, Оңтүстік Қазақстандағы Сауран, Сидақ, Отырар, Жуантөбе, Қараспантөбе, Шымкент, Шығыс Қазақстандағы Берел, Шілікті, Жамбыл облысындағы Ақыртас, Батыс Қазақстандағы Қырықоба, Қарағанды облысындағы Тоқтауыл, Айбас, Кент, Талдысай және тағы басқа қоныстар мен қалашықтарда қазба жұмыстары сәтті жүзеге асырылған", - делiнедi мақалада.

***

Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жұмыс бабындағы сапары аяқталды.

Сапар барысында Қ.Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен келіссөз жүргізді және оған 2015 жылғы 10-11 маусымда Астанада болатын V съезге Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың жеке шақыруын табыс етті. Бұл туралы "Айқын" газетi хабарлап отыр.

«Сіздің V съезге қатысуыңыз прогресс жолында одан әрі ілгерілеу үшін діни иерархтар мен саясаткерлер тарапынан келісілген іс-қимыл мен өзара қолдау барда адамзат қазіргі кездегі жаһандық әлемнің қатерлеріне тиімді қарсы тұра алатынына халықаралық қоғамдастыққа нақты белгі боларына сенімдімін» деді Сенат төрағасы.

БҰҰ-ның Бас хатшысы ұлтаралық және конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісін жоғары бағалап, Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша шақырылған діни форум маңызды әрі тиімді үнқатысу алаңы екенін атап өтті. Пан Ги Мунның айтуынша, БҰҰ съезді қолдайды және форумның мақсаты мен міндеттерін әлемдік қоғамдастықта ілгерілетуде Қазақстанмен ынтымақтасатын болады", - делiнген "Елбасының шақыруын табыс еттi" атты мақалада.

"Нұрлы жолдың" қаржысы сенiмдi бақылауда" атты келесi мақаласында "Айқын" басылымы өткен жылы Ұлттық қорға және мемлекеттік бюджетке 8 триллион 630 миллиард теңге құйылғанын жазуда.

"Бұл туралы кеше сенаторлармен кездескен Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин хабарлады. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда, 5,1 пайызға көп. Ол депутаттарға «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыруға бөлінетін миллиардтар тасқынын қалай бақылауға алғандарын баяндап берді", - делiнген материалда.

- «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға Президент Н.Назарбаев Ұлттық қор қаражаттарын пайдалануды ұсынды. Бұл ретте ол осы қаржылардың мақсатты жеріне әрі тиімді жұмсалуға тиістігін қатаң тапсырды. Осы бағдарламаға қазір шамамен 500 миллиард теңге бағыттау көзделуде. Осынау алапат ағынды бақылауға алу үшін біз арнайы жұмыс тобын құрдық. Оның құрамына Қаржы министрлігінің басқа құрылымдарының, соның ішінде Қаржылық барлау комитетінің қызметкерлері де кірді. Олар «Нұрлы жол» жобаларына бөлінген қаржылардың бүкіл қозғалысын қарап, бөтен жаққа кетіп қалмауын қырағы қадағалайтын болады, - деді комитет басшысы.

Яғни оның түсіндіруінше, бақылау бүкіл кезеңдерді - қаржы шығысының жоспарлануы, мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру, міндеттемелерді орындау, қаржы ағындарын бөлу және салық төлеу деңгейлерін қамтиды.

"Айқын" баслымының бүгiнгi санында "Түйе етiнен шұжық жасаған университет" атты мақала жарияланды. Алматы технологиялық универ­ситеті - еліміздегі 60 жылға жуық та­рихы бар іргелі жоғары оқу орын­дары­ның бірі. Біз университеттің Тағам өндірістері факуль­тетінде болып, жаңалықтарымен бөлісіп қайтқан едік. Факультет деканы, профес­сор Айгүл Таеваның айтуынша, ғалымдар әртүрлі қатардағы тұтынушыларға арнал­ған тағамдық және биологиялық құн­ды­лығы жоғары жаңа тағам өнім­дері техно­логиясын жасау үстінде. "Біз ет өнімдерін дайындау тех­но­логиясына жаңалық енгізіп, дайында­латын ет тағамдарын жаңа үрдістегі инновациялық технологиямен тағамдық және биологиялық құндылығын жоғары­латып, жаңа бағыттағы әртүрлі ет тағам­дарын шығарудамыз. Сонымен қатар ет өнімдерін халал талабына сәйкес және балаларға арналған ет өнімдерін шыға­руды да көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде жартылай ысталған сиыр етінен, тауық, күрке тауық етінен шұжықтың бес-алты түрін, пісірілген шұжықтың оншақты түрін жасаймыз", - дейдi университет профессоры Ясин Ұзақов. "2008 жылдан бастап бірнеше халық­аралық көрмелерге қатысып келеміз. Өткен жылдың желтоқсан айында Ресей­дің Мәскеу қаласында өткен көр­меде біз­дің қазымыз бен шұжығымыз алтын медальға ие болды. Ет өнімдерімен ай­налы­сатын цехтарға өзіміз ашқан жаңа­лықтарды енгізіп, жұмыс жасауға мүмкін­дік бар. Түйе етінен шұжық жасап шығар­дық. Ол көпшілікке ұнады, өн­діріске енгізуге дайынбыз. Алдағы уақытта еліміздің батыс өңірі түйе етінен шұжық жасауы мүмкін. Түйенің еті мен өркеш майын және құс етінен аздап қосып халал өнім ретінде шығарамыз. Жартылай ысталған шұжық дегустациялық комиссия мүшелерінің бәрінің көңілінен шықты. Ең бастысы - технологиясы бар. Алдағы уақытта физикалық-химиялық көрсет­кіш­тері зерттеліп, тиісті нормативтік құ­жат­тары рәсімделіп, үлкен зауыттарға ұсынылады", - деп түйдi сөзiн Я. Ұзақов. ***

Астанада әлеуметтiк желiлерде өздерiн сүйкiмдi қыздар етiп көрсетiп, қалталы жас жiгiттермен танысып, кейiн оларды тонап отырған қылмыстық топ ұсталды", деп жазады "Экспресс К" басылымы "Волк в девчачьей шкуре" атты мақалада.

"Өз тәжiрибемде мұндай алаяқтармен бiрiншi рет кездесiп отырмын", - дейдi "Алматы" аудандық прокуратурасының өкiлi Арсен Бегалин. - Тiптi алаяқтардың бiрi жiгiттермен телефон арқылы сөйлескенде қыздың дауысын келтiрiп отырған. Жапа шеккендердiң айтуынша, ол дауыс тартымды, сексуалды болған. Мiне, осындай дарынды жiгiт".