Түйе палуан Ғани Сейділдаев «Астана қыраны» атанды
АСТАНА. 9 шілде. ҚазАқпарат - Кеше Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» турнирінің «Астана қыраны» іріктеу жарысы өтті.
Бұл бәсекені Астана қаласының әкімдігі мен Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы ұйымдастырған болатын. Ақтық сында ҚР Еңбек сіңірген спорт шеберлері, Азия чемпионы, Әлемнің 2 дүркін чемпионы Ғани Сейділдаев Қазақстанның және Азияның чемпионы Дархан Бижановтан басым түсіп, «Астана қыраны» атанды. Спорт басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, түйе палуандардың сайысын бастаған Ғани алғашқы сайыста Әлібек Байсеновті 19-секундта, 1/4 финалда Төлеген Жетпіспаевты 23 секундта жеңді. Ал жартылай финалда Азат Кенжебековті ұтты.
«Жаужүрек» деген лақап аты бар Ғани Сейділдаев жеңімпазға тігілген 1 миллион теңгені қалтасына салды, оның иығына алтынмен қапталған шапан жабылып, беліне «Алтын белбеу» тағылды. Екінші орынды иеленген «Ерке бала» Дархан Бижанов 300 мың теңге мен күміспен күптелген шапанды қанағат тұтты. Үшінші орынға ие болған Азат Кенжебеков пен Әлібек Зекенов дипломдар мен 100 мың теңгеден сыйақы алды. Енді «Астана қыранында» 1-2 орынды бөліскендер қыркүйек айында Астанада жалауын көтеретін «Қазақстан барысы» додасында елорданың намысын қорғайтын болады.