Түймебаев ОҚО халқының сұрақтарына тікелей эфирде жауап берді
Тікелей эфир барысында барлығы 1500-ге жуық сауал келіп түсті. Тұрғындардан сұрақтарды қабылдау үшін байланыстың барлық түрі қамтылды. Сұрақтар Call-орталық, WhatsApp, электронды пошта, сондай-ақ тікелей трансляция жүргізген Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің Facebook-тегі ресми парақшасы арқылы қабылданды.
Облыс тұрғындары негізінен жер, баспана алу, жұмыссыздық, шаһарды абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен жолдарды жөндеуге қатысты мәселелерді көтерді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығына қатысты сауалдар да көптеп жолданды. Сұрақтардың 423-і - WhatsApp, 215 - өзге әлеуметтік желілерден, 1287 - Call-орталыққа жолданды.
Айта кету керек, «Ońtústik» телеарнасының эфирі кезінде бірден жауап ала алмаған көрермендердің сұрақтары толық тіркелді. Оларға мемлекеттік органдар міндетті түрде жауап беретін болады. Сондай-ақ, осы жоба аясында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың берген тапсырмаларының орындалуы әкімдіктегі инспекторлардың назарында болады.
Өңір басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасының» өңірдегі орындалу барысы мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім және ғылым, мәдениет, өнер тағы да басқа салаларда кездесетін өзекті де, өткір мәселелерді шешу жолдарын айтты. Сондай-ақ бағдарлама соңында Оңтүстік жұртын 15 маусым күні басталатын Ораза айт мерекесімен құттықтады.