Түймебаев Оңтүстікті дамытудың жаңа Тұжырымдамасын әзірледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының жаңа Даму тұжырымдамасы жасалды.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қызметіне кіріскелі үш айда өңірдің  барлық аудан-қалаларын аралап, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен жете танысып шықты. Жергілікті тұрғындармен, қоғамның белсенді азаматтарымен жиі кездесіп, халықтың ортасындағы маңызды мәселелерді анықтады. Нәтижесінде барлық саланы қамтитын Оңтүстік Қазақстан облысының жаңа Даму концепциясы дайындалды, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен.

Оңтүстікте соңғы тоқсанда Индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 7 млрд. теңгені құрайтын 17 жоба іске қосылып, 735 жұмыс орны ашылды. Индустриялық аймақтарда 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 4,3 млрд. теңге инвестиция тартылды. 400 жаңа жұмыс орны ашылды. Аталған уақыт кезеңінде облыс әкімінің бастамасымен Шымкент қаласында көгалдандыру жаңаша қарқын алып, 52 мың көшет, 300 мың қызғалдақ және раушан гүлдері егілді. Облыс орталығының кенжелеп қалған шеткі аудандарын дамытып, қараусыз қалған сай-салаларды саялы саябаққа айналдыру мақсатында «Шатқал» бағдарламасы қабылданды.

Еліміздегі ерекше жоба 14 қаңтар күні басталды. Аталған жоба аясында сәуір айына дейін 100 мың тал отырғызылады. Нәтижесінде ондаған шатқал саябаққа айналады. Оңтүстікке инвестиция тарту мақсатында тұңғыш рет «Туған жерді түлету - перзенттік парыз» республикалық акциясы өтіп, өңірімізден шыққан атақты меценаттармен облыстың ерекше жобаларын қаржыландыруға келісімдер түзілуде.  

Кәсіп ашуды көздеген іскер азаматтарға жер беру бойынша 14 қаулыға қол қоюды  тездетіп, бір аптада шешім шығару үрдісі енгізілді. Оңтүстікте туризм кластерін дамытудың ауқымды жоспары жасала бастады.

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне өңірлік дайындық аясында қонақтарға арнап, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 3 және 5-күндік туристік маршруттар жасалды. "Recommended by EXPO" белгісі беріліп, "Шымтур", "Саэль тур" және "Мирас тревел" туристік ұйымдарымен меморандумға қол қойылды.

Елбасы тапсырмасына сәйкес үш ірі мегаполистің біріне айналуды жоспарлаған Шымкенттің сәулеттік, инфрақұрылымдық жобасына жаңа бағыттар енгізілді. Мемлекеттік түрлі бағдарламалар арқылы үй салу, тұрғындарға ұсыну мәселесі Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында өте белсенді жүргізілді. Соңғы үш айда 1865 пәтер пайдалануға берілді. Осы кезеңмен тоқтамай алдағы уақытта да «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы көпқабатты үй тұрғызу барынша қарқын алады.  

«Түркістан 2017 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы» деген халықаралық мәртебені иеленді. Енді жыл көлемінде Түркістанда халықаралық деңгейде тартымды мәдени шаралар басталады. Бұл Оңтүстіктің мәдениеті мен өнерін таныту үшін тың серпін береді.

 

Соңғы жаңалықтар