Туымыз көтерілгенде көңілім толқыды - Аяулым Әмренова, фристайл могулшы

ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен Қазақстанның туын көтеру рәсімінде қазақстандық спортшылар тілшілерге еркін сұхбат беріп, өз ойларымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Туымыз көтерілгенде көңілім толқыды - Аяулым Әмренова, фристайл могулшы

Солардың бірі -фристайл могулдан ел намысын қорғайтын олимпиадаға тұңғыш рет қатысып отырған қаракөз қарындасымыз Аяулым Әмренова көк туымызды көтерілген сәттегі көңіл-күйін айтып берді.

- Осындай байрағымыз желбіреген сәтті көргенде көңілім толқып кететіні бар. Бүгін ерекше толқып тұрмын. Себебі, қазақтың туы бүкіл әлем көз тіккен Олимпиада қалашығында желбіреді. Бұл қазақ елі үшін үлкен абырой емес пе?!

- Көк туымыз әркез сізді жігерлендіріп, рухыңызды көтеріп жіберетін болды ғой...

- Әрине, өз еліміз, жеріміз, көк туымыз жеке әнұранымыз бар. Осындай елде туып өскен бізде арман жоқ. Енді, тек жақсы нәтиже көрсетіп, бүгін көтерілген туымызды әрмен қарай желбіретіп жатсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

- Олимпиадаға дайындығыңыз қалай?

- Барынша жеңіске жетуге тырысып көремін. Биыл бірінші рет төртжылдық додада өнер көрсеткелі отырмын. Сондықтан шығар, аздап қобалжып жүрмін. Бойымда қорқыныш та жоқ емес.

- Ең басты қарсыласыңыз кім?

- Бәрін жарыста көре жатарсыздар. Қанша спортшы болса, соның барлығы басты қарсыласымыз. Оның үстіне тәжірибелі, бұрын да Олимпиадада жүлде алып жүрген спортшылар бар. Оңай қарсылас жоқ.

- Корея сізді несімен қызықтырып жатыр?

- Қала таза, жаңа. Сондай-ақ, өте тыныш. Қауіпсіз көрінді.

- Спортшыларға жасалып жатқан қызметтер көңіліңізден шығып жатыр ма?

- Әрине. Қызмет көрсету сапасы да ұнап жатыр.

- Тамақтарына қандай баға бересіз?

- Өз еліміздің тамағындай қайдан болсын. Бірақ, жаман емес.

- Әңгімеңізге рахмет! Сәттілік тілеймін...