Түйнеме ауруының шығуы Қарағанды облысындағы қауіпсіздікпен қамтуды еселей түсті

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда малдәрігерлік және азық-түліктік қауіпсіздік мәселелері бойынша өткен аймақтық семинар-жиналысқа мыңнан астам адам жиналды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Түйнеме ауруының шығуы Қарағанды облысындағы қауіпсіздікпен қамтуды еселей түсті

Жиналыста ет сатылатын нысандарға жүргізілген тексерістер айтылды. Екі ай ішінде облыста 90 малдәрігерлік заңнаманы бұзу фактісі анықталғаны жарияланды. Тексерушілердің мәліметтері бойынша, малдәрігерлік анықтаманы рәсімдеуде заң бұзушылықтар орын алған. Бақылаушылар санитарлық нормаларға сәйкестігі туралы таңбаның жоқтығын баса айтты. Қажетті құжаттарсыз ет тасымалдау оқиғалары да тіркелген.

Кінәлілерге 1,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Семинар-жиналыста «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» веб-порталы таныстырылды. Әзірлеушілердің айтуынша, еліміздің кез келген тұрғыны портал көмегімен ет өнімінің тасымалдану жолын қадағалап, оның ветеринарлық жай-күйінен хабар ала алады.

«Біз бағдарлама бойынша жануардың қайдан екенін, қайда сойылғанын, қауіпсіздік үшін қажетті малдәрігерлік құжаттарды қашан алғанын бақылай аламыз», - деп мәлімдеді ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин.

«Облыс бойынша 8 ай мерзімде санитарлық-эпидемиологиялық қорытындылары жоқ 160 нысан анықталды. Заңсыздықтар үшін 104,5 миллион теңгеге 2000-нан астам айыппұлдар салынды, оның 14 миллионнан астамы сот арқылы өндірілді. 18 нысанның қызметі уақытша тоқтатылды», - деп хабарлады санитарлық қызмет өкілдері.

Айта кетейік, маусым-тамыз айларында Қарағанды облысының Шет және Ақтоғай аудандары тұрғындарының түйнеме ауруын жұқтыру фактісі анықталған болатын. Сойылған мал аса қауіпті инфекция көзіне айналды. Түйнеме ауруынан Еркіндік ауылының екі тұрғыны көз жұмды.