Туысқанының төлқұжатымен шекарадан өтіп кетпек болған Қырғызстан азаматы ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шекара қызметінің «Қарасу-авто» бақылау-өткізу бекетінің (қазақ-қырғыз шекарасы, Жамбыл облысы) шекара наряды біздің елімізден Қырғызстанға жаяу-жалпылап кетіп бара жатқан сол елдің азаматын ұстады, деп хабарлады ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен.
Шекаралық бақылау кезінде аталған азамат 1978 жылы туған Тарыбаев Бирбек деген азаматтың төлқұжатын ұсынды. Бірақ, қырағы шекарашылар бұл азаматтың төлқұжат иесі емес екендігін бірден анықтады. Анықтау барысында ол өзінің Тарыбаев Бирбек еместігін, ол оның туысқаны болатынын, ал өзі 1979 жылы туған Масаналиев Илмазбек екендігін мойындады. Бөтен құжатты көрсеткен азамат енді ҚР заңы бойынша жауап беретін болады.