«Туыстас елдер, суыспас көңілдер» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 15 маусым. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 15 маусым, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Туыстас елдер, суыспас көңілдер» - БАҚ-қа шолу

***

«Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанға ресми сапары аясында осы ел Президенті Ислам Каримовпен кездесті. Мемлекет басшылары экономикалық, ғылыми-технологиялық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл аспектілерін талқылады. Сондай-ақ, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Туыстас елдер, суыспас көңілдер» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Қазақстан Президенті бұл екіжақты кездесу И.Каримовтің былтырғы сапары аясында жүргізілген Қазақстан-Өзбекстан келіссөздерінің жалғасы болып саналатынын атап өтті.

«Қазақстан мен Өзбекстан - өңіріміздегі бейбітшілікті, қауіпсіздікті, сауда мен әл-ауқаттың артуын қамтамасыз ететін негізгі мемлекеттер. Біз ортақ жауапкершілікті терең сезіне отырып, жағдайға келіссөздер жолымен ықпал етуге ұмтыламыз», - деді Н.Назарбаев. Ал өз кезегінде Өзбекстан Президенті елдер арасындағы екіжақты қарым-қатынастар үдемелі дамып келе жатқанын атап өтті. «Әлемде бұрынғысынша болжап білмейтін дағдарыстық үдерістер байқалып отырғанына қарамастан, біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымына өсу үрдісі тән. Мысалы, 2012 жылы ол 9,6 пайызға өсіп, 2 миллиард 700 миллион долларды құрады. Бұл динамика жақсы әлеуеттің бар екенін көрсетеді және біз оны арттыруға тиіспіз», - деді И.Каримов.

Қостанай облысында денсаулық сақтау саласы барлық көрсеткіштер бойынша республикада он екінші орыннан төртінші орынға көтерілді. Алдағы жексенбіде өтетін дәрігерлердің кәсіби мерекесі алдында «Егемен Қазақстан» тілшісі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Орал Бекмағам­­бе­тов­ке жолығып, бірнеше сауалына жауап алған. Басылымның тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Былтыр көп жылдардан бері облыста бірінші рет ана өлімі тіркелген жоқ. Бірақ бұл біздің қызметкерлердің тоқмейілсуіне себеп болмайды. Жыл бойы біздің дәрігерлер ауыр босанған қырықтан астам әйелді ажал тырнағынан арашалап қалды. Бұл дәрігерлер мен акушерлердің жоғары біліктілігінің, санитарлық авиацияның өз міндетіне аса жауапкершілік көрсетуінің арқасында мүмкін болды. Осы аналардың кез келгені бала туу үстінде кетіп қалуы мүмкін еді ғой?» - дейді. Сұхбат «Денсаулық сақтау саласы: санадағы сілкініс» деген тақырыппен берілген.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, кеше Парламенттің қос палатасы бірлескен отырысқа жиналып, алдымен депутаттар Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Роговтың «Қазақстандағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауын тыңдады. Содан кейін қалаулылар ел Үкіметінің және Есеп комитетінің «2012 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы» есептерін қарады. Бірден айта кетейік, талқылау қорытындысында Сенат пен Мәжіліс депутаттары ол есептерді мақұлдады. Осылайша Парламент Серік Ахметов басқаратын Үкіметке сенім білдірді. Осы отырыс арқау болған мақала басылымда «Үкіметтің есебі жан-жақты талқыланды» деген тақырыппен берілген. Газет тілшісінің жазуынша, депутаттар әлеуметтік саясат саласында да көптеген сын-ескертпелер білдірген болатын. С.Ахметов әлеуметтік саясатты жетілдіру бағытында да үлкен жұмыс жүргізіліп жатқандығын хабарлады. Оның айтуынша, Үкімет «Әлеуметтік жаңғырту тұжырымдамасын» әзірлеуде.

***

Бүгін оңтүстік астанамыз Алматыда жеңіл атлетикадан дәстүрлі Ғұсман Қосанов мемориалы жалауын желбіретпек. Екі күнге созылатын дүбірлі додада көршілес жатқан сегіз елден 200-ге жуық спортшылар қатысатын көрінеді. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінің сенбілік санындағы «Азия чемпионатын өткізе алмай ұятты болып жүрміз» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. «Бүгін таңертеңнен басталып, жексенбінің кешіне дейін жалғасатын халықаралық турнир биыл 23-ші рет ұйымдастырылмақ. Әдеттегідей мемориалға қатысуға Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдері алдын ала өтініш беріп қойған. Дегенмен Әзірбайжан, Иран және солтүстік көршілеріміз Ресей де спортшыларын алып келеді деп күтілуде. Алдын ала хабарланған мәлімет бойынша Грузия құрамасы да жарысқа қатысуға ниетті болатын. Алайда Қап тауын жағалаған атлеттердің, өкінішке қарай, соңғы сәтте құжаттары дұрыс болмай, жарты жолда қалып қойды», - деп жазады басылым.