«Тұйық су» аңғарында үздік альпинист әскери қызметшілерді анықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы маңындағы «Тұйық су» шатқалында таулы екісайыс бойынша алғашқы ашық турнир аяқталды, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі.

«Тұйық су» аңғарында үздік альпинист әскери қызметшілерді анықтады

Екі күн бойы Қазақстан Қарулы Күштері арнайы бөлімшелерінің 47 әскери қызметшісі жеті команданың құрамында ҚР ҚК Бас штабы бастығының кубогы және таулы жартасқа өрмелеу шеберлері атану құқығына бақ сынасты.

Таулы екісайыс 100 метрге көтерілу және 500 метрге тауға шығуды қамтиды. Қашықтықты өте отырып, спортшылар жергілікті таулы жер бедерінің ерекшеліктерін меңгере отырып, таулы кедергілерді еңсереді.

Бұл тапсырмаларды 32356 әскери бөлімінің командасы бәрінен жақсы орындады, жалпыкомандалық есепте 22750 әскери бөлімінің әскери қызметшілері екінші орынға табан тіреді, үшінші орынға 41443 әскери бөлімі орнықты. 500 метрге тауға жеке жүгіруде 32356 әскери бөлімінің 3-сыныпты сержанты Рафкат Байғазин, капитан Ринат Жылқыбаев және 22750 әскери бөлімінен лейтенант Вадим Романов үздік көрсеткішке қол жеткізіп, ең шапшаң және кәсіпқой атанды.

Таулы екісайыс бойынша алғашқы ашық турнирдің жеңімпаздары өздерінің марапаттарын альпинизмнен еңбек сіңірген спорт шебері, дарынды және әйгілі спортшылар ҚР ҚМ АОСК аға лейтенанты Мақсұт Жұмаев пен ҚР ҚМ АОСК лейтенанты Василий Пивцов, сондай-ақ ҚР ҚМ АОСК Спорт комитеті төрағасының бірінші орынбасары полковник Марат Бралиновтың қолынан алды.

ҚР ҚМ Армия орталық спорт клубының таулы даярлық жөніндегі мамандары мен нұсқаушылары турнирге қатысушылар тауға өрмелеудің жоғары деңгейдегі шеберліктерін көрсеткенін атап өтуде.