12:09, 20 Наурыз 2017 | GMT +5
Түзеу мекемесінде Наурыз мерекесі аталып өтті
ҚЫЗЫЛОРДА.ҚазАқпарат - Әз-Наурыз мерекесі қарсаңында Қызылордадағы ЗК-169/5 мекемесінде жаза мерзімін өтеуші сотталған азаматтар арасында бірқатар мерекелік іс-шаралары аталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Мерекелік шараның көркін Қызылорда облыстық филармония әртістері қыздыра түссе, «Арылу» қоғамдық ұйымы мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандары спорттық шаралардың ойдағыдай өтуіне ұйытқы болды.
Сонымен қатар шарада «Ашық есік күні» өткізіліп, жазасын өтеушілердің ата-аналары шақыртылды. Олар да мейрамның мәнді өтуіне атсалысып, бауырсақ пісіру, наурыз көже дайындау сайысына қатысты. Жаза мерзімін өтеуші азаматтардың балалары мерекеге орай жыр шумақтарын арнады. Сотталған азаматтар болса, қазақша күрес, футбол, волейбол, гір тасын көтеру, арқан тартыс, асық ату жарыстарынан сынға түсті.
Ата-аналар ұйымдастырушы мекеменің сотталғандар арасында тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру бөліміне өз ризашылықтарын білдірді.