Twitter-де жариялаған сөзі үшін ұшақтан шығарып жіберген
АСТАНА. ҚазАқпарат - Америкалық Southwest Airlines әуекомпаниясының қызметкерлері екі баласымен бірге ер адамды самолеттен шығарып жіберген. Бұған оның Twitter-де жариялаған сөзі себеп болған, деп жазады РИА Новости.
Оқиға Колорадо штатының Денвера әуежайында орын алған. Екі кішкентай қызымен сапарға аттанған ер адам бортқа кезексіз көтерілмек болған. Оны ұшақ қызметшісі кезексіз жіберуден бас тартқан. Осы тұста екеуі сөзге келіп қалған. Бірер сәттен соң ұшаққа жайғасып болған жолаушы аты-жөнін атап, Денверадағы ең дөрекі қызметші деген мағынада Twitter-де пост жариялаған.
Содан көп уақыт өтпестен жолаушыны ұшақтан шығарып жіберген. Екі қызын жетектеп борттан шыққан сәтте әлгінде сөзбен ілігісіп қалған қызметші оның дереу Twitter-де жариялаған сөзін өшіруін талап еткен. Өйтпесе оны қауіпті адам деп айыптап, сақшыларды шақыратынын хабарлаған. Жолаушы оның талаптарын орындаған соң бортқа қайта оралыпты.
Кейінірек америкалық азамат әуекомпаниясы оған 50 долларлық ваучер ұсынып, оқиғаның артын жуып-шаймақ болған. Бірақ ол енді бұл әуекомпаниясының қызметіне жүгінбек емес.