Тыл қызметкерлерінің командирлік дайындығы пысықталды - ҚР Қорғаныс министрлігі
АСТАНА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Щучинск қаласындағы Ұлттық әскери университетінің базасында Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлеріне қарасты бригада командирлерінің тыл жөніндегі орынбасарларының жиыны болып өтті.
Жиын жұмысын Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары генерал-майор Қажығали Мұқатов басқарды.
«Жиынның мақсаты - командирлік дайындықты оқытудың негізгі пәндері бойынша білім жетілдіру, офицерлердің кәсіби дайындық деңгейін тексеру және командирлік дайындықтың сапасын арттыру жөнінде ұсыныстар дайындау»,-делінген ҚР ҚМ баспасөз қызметінің мәліметінде.
Жиын барысында жедел-тактикалық дайындық, тактика-тылдық дайындық, жауынгерлік қамтамасыз ету түрлері бойынша және әскерлердің күнделікті қызметін басқару жөнінде сабақтар өткізілді.
Тылдық қамтамасыз етудің даму перспективасы мен Қазақстан Қарулы Күштерін материалдық-техникалық қамтамасыз етудің бірегей жүйесін жасау туралы сабақты ҚР ҚК Тыл бастығының орынбасары полковник Алмаз Ахмадиев өткізді. Сондай-ақ, Ұлттық әскери университетінің мұғалімдері де дәріс оқыды.
Жиынға қатысушылар ұрыстағы әскерлерді тылдық қамтамасыз ету негіздерін зерттеп, жауынгерлік іс-қимылдарды жан-жақты қамтамасыз ету мәселелеріне, әсіресе арнайы операциялар мен елді мекендердегі ұрыс қимылдары кезінде әскерлерді тылдық қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударды. Дәріс кезінде алынған білімдер семинарлар, топтық жаттығулар мен тәжірибелік сабақтар кезінде нақты пысықталды.
Ұлттық әскери университетінің спорт кешенінде офицерлер дене дайындығы бойынша сынақтар тапсырды.