Тынық мұхиттың үстіндегі ұшақ өртенді

ТОКИО. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат - Бүкіл әлемнің назары Атлант мұхитының үстінде апат болған француздық «А-330-200'' лайнерінің сынықтары мен адамдарын іздеу шараларына ауып отырған кезде, осы модельдегі тағы бір ұшақ апатқа ұшырай жаздады.

Тынық  мұхиттың  үстіндегі  ұшақ     өртенді
Бұл жолы төтенше оқиға Тынық мұхитының үстінде орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Utro.ru сайтына сілтеме жасап.Jetstar әуекомпаниясының JQ20 рейсі кеше кешке Жапониядан ұшып шығып, Австралияға бет алады. Жерден көтерілгеннен 4 сағаттан кейін ұшқыштар кабинасында түтін шығып, соңынан өрт шығады. Экипаж жалынды жолаушылар отыратын жаққа жеткізбей, сөндіріп үлгереді. Нәтижесінде ұшақты жедел қондыру туралы шешім қабылданып, лайнер бағынын өзгертеді, ол Гуам аралының әуежайына сәтті қонады. Лайнер бортында 203 адам болған. Олардың барлығы аман-есен. Бүгін оларды алып кетуге Австралиядан басқа ұшақ келеді. Мамандар өрттің шығу себебін анықтағанша, аэробус Гуамда қала бермек. Jetstar әуекомпаниясының өкілдері оқиғаның шығу себебі туралы әзірге ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ, тек ұшақтың пайдаланылғанына 2 жыл ғана болғанын айтып отыр.