«Тыныштық жақпай ма?» - БАҚ-қа шолу

***
Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Латвия Республикасының Президенті Андрис Берзиньшпен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан-Латвия қарым-қатынастарын сапалы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары қарастырылды. Тараптар сауда-экономикалық және көлік-транзиттік ынтымақтастық аясын кеңейту жолдарын да талқылады. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Қазақстан - Латвия: Ынтымақтастықтағы жаңа қадам» деген тақырыппен берілді. Басылымның атап өтуінше, кездесуден кейінгі бірлескен баспасөз мәлімдемесі барысында Қазақстан Президенті елдерімізді саяси және экономикалық байланыстар ғана емес, сондай-ақ тарихымыздың ортақтығы байланыстыратынын атап өтті. «Қазақ және латыш халықтары әрдайым бір-бірін құрметтеп, қолдау көрсетіп келеді. Латвия Президентінің сапары кезіндегі негізгі бір шара - Қарағанды облысының Спасск елді мекенінде саяси қуғын-сүргін құрбаны болған латыштарға арналған ескерткіш ашу. Бұл - тағдырдың жазуымен қазақ даласына келген отандастар рухына деген шынайы құрметтің белгісі», - деді Елбасы.
«Қазақстанның құқық қорғау органдары қазір Мұхтар Әбіләзовтің БТА банк қаржыларын ұрлау, ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған басшылық жасау, қылмыстық жолмен алынған табыстарды жасырып, оны сыртқа асырып жіберу және банк қаражатын заңсыз пайдалану фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеуді жалғастырып жатыр»,- деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Әшкере болған іс» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, италиялық құқық қорғау органдары Әбіләзовті анықтау мен ұстау бойынша шараларды жалғастыруда. Бұрынырақта қазақстандық құқық қорғау органдары Әбіләзовтің туыстарына, соның ішінде Шалабаева мен оның қызына іс жүзінде олар Қазақстан Республикасында жоқ болған кезде ұлттық паспортты заңсыз жасау мен беру фактілерін анықтаған болатын.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, айырқалпақты қырғыз тағы шала бүлінді. Ши «Құмтөр» деген алтын кенішінен шықты. Кеніштің 100 пайыздық акциясы канадалық Centerra Gold компаниясына тиесілі. Ал оны жергілікті тұрғындар мемлекет меншігіне алуды талап етті. Сондай-ақ компания жолдарды жөндеп, мектеп, балабақшалар салуды, тұрмысы төмен жандарды жанар-жағармаймен қамтамасыз етуді, 8-10 жылға 5 пайыздық несиелер беруді сұрады. «Өкініштісі, жергілікті елдің талабын елеп-ескерген ешкім болмады. Қақтығыс содан туды. Биліктің тірлігіне ырза болмаған жұрт Ыстықкөл жағасында орналасқан электр стансасын басып алып, жарықты сөндірді. «Құмтөр» алтын кеніші, сол маңдағы 50 мыңға жуық қауым, қытай-қырғыз шекарасындағы бірнеше застава жарықсыз қалды. Ыстықкөлде басталған дау сол жермен шектеліп қалмады. Оларды оңтүстіктегі оппозиция өкілдері қолдап шықты. Жалал-Абад облыстық әкімшілік ғимаратын басып алды. Тіпті Жалал-Абад облысындағы «Ата Жұрт» партиясының үйлестірушісі Медет Үсеновті «халық губернаторы» деп сайлап та жіберді. Осылайша қырғыз елінің оңтүстігі бір толқып қалған»,- деп жазады басылым. Мақала «Тыныштық жақпай ма?» деген тақырыппен берілген.
«Еуропалық одақ ақыры Қазақстанның «Дүниежүзілік сауда ұйымына» мүше болуына «ақ батасын» беріпті! Ақжолтай хабар Ақордада жария етілді. Бұл күні өзінің ақ сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еуроодақтың тізгінін ұстаған биік мәртебелі мейманмен жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізді. Еуропалық комиссия төрағасы Жозе Мануэль Баррозу Қазақ еліне тұңғыш рет ресми сапармен келіп отыр», -деп жазады «Айқын» газеті. «Мен бүгін, осы жерде, Қазақстаның ДСҰ-ға кіруінің екіжақты шарттарының елеулі бөліктері бойынша біздің келіссөзшілеріміздің ақыр соңында келісімге келгендігін қуана-қуана растаймын! Енді біз осы Келісімге жақын уақытта қол қойылуын асыға күтетін боламыз», -деді Жозе Мануэль Баррозу Елбасымен кездесуден кейінгі бірлескен мәлімдемесінде.
***
Оңтүстік Қазақстан облысында полиция полковнигі 30 мың теңге пара алғаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылады. Бұл жайында «Экспресс-К» газетінде «Полковнику никто не спишет» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның атап өтуінше, ағымдағы жылдың қаңтарында Сарыағаш ауданының 34 жастағы тұрғыны арызданған. Ол өз арызында Сарыағаш аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Өзбекстаннан жұмысшылар жалдауға кедергі келтірмеу үшін пара талап еткендігін атап көрсеткен. 27 ақпанда облыстық ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасының жедел қызметкерлері ОҚО қаржы полициясы қызметкерлерімен бірлесіп полковникті пара алып жатқан жерінен қолға түсірген.