«Тыныштыққа тұтқа болар Елбасы ұсыныстары талқыланды» - баспасөзге шолу

***
Кеше Бурабайда ТМД-ға мүше елдер Мемлекеттер басшылары кеңесінің және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырыстары өтті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен ТМД Мемлекеттері басшыларының басқосуында лаңкестік қатерлерге қарсы бірлескен іс-қимылдың, қауіпсіздік пен құқық тәртіптерін қамтамасыз етудің, Достастыққа мүше мемлекеттердің күштік органдары ынтымақтастығының негізгі жайттарын қамтыған тақырыптар талқыланды. Ал Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения президенттерінің қатысуымен өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында әріптес мемлекеттер арасындағы ықпалдастық үдерістерін дамытуға баса назар аударылды. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Ортақ мүдделер орайындағы басқосулар» деген тақырыптағы мақалада егжей-тегжейлі баяндалған. Басылымның жазуынша, бірінші бас қосуда Мемлекет басшылары 17 құжатқа, ал екінші алқалы жиында 15 құжатқа қол қойған. Бастапқы отырыс кезінде А.Лукашенко Қазақстан Президентіне Беларусьтің мемлекеттік наградасы «Халықтар достығы» орденін тапсырған. «Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бай жұмыс тәжірибесін пайдалана отырып ТМД-ның қалыптасуы мен дамуы үшін өте көп жұмыс атқарды, еуразиялық ықпалдастық идеясы да оған тиесілі. Осының бәрі халықтар арасындағы достықты нығайтып қана қоймай, елдеріміздегі адамдар тұрмысын жақсарта түседі», - деді Беларусь Президенті.
«Мәжілістің Экономикалық реформа және аймақтық даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетовтің жетекшілігімен «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң жобасының ілеспе түзетулерімен таныстырылымы өткізілді. Ұлттық экономика министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаев депутаттарды заң жобасымен таныстырды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Үлескерлер құқын қорғайтын құжат» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, әзірленген жобаға сәйкес үлестік тұрғын үй құрылысына құрылыс салушы, уәкілетті компания, мердігер (бас мердігер), екінші деңгейдегі банк, инжинирингтік компания, инжинирингтік қызметтер көрсету бойынша аттестатталған сарапшылар, Кепілдік беру қоры, үлескер, уәкілетті орган, жергілікті атқарушы орган сияқты қатысушылар көзделген. Үлестік тұрғын үй құрылысының көрсетілген қатысушыларына әрқайсының құқықтары мен міндеттерін көздейтін мәртебе және оларға тиісті талаптар берілген.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық саясат институтының қолдауымен өткен «SarapTime» сараптамалық тобының кезекті отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында көтерген бастамалары талқыланды. Басқосу барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бiрiншi орынбасарының кеңесшiсi Берік Уәли Мемлекет басшысының аса маңызды 5 бағытты қамтығанына ерекше назар аударды. Оның сөзінше, Н.Назарбаевтың БҰҰ экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыру туралы ұсынысы мезгіл мәселесі болса, ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі жалпыға ортақ декларация қабылдау туралы бастамасы тыныштыққа тұтқа болар батыл байлам. Осы отырыста халықаралық Түрік академиясының сарапшысы, саясаттанушы Тимур Козырев те пікір білдірген. Ол: «Елбасы БҰҰ-ның штаб-пәтерін Азияға көшіру туралы өте орынды ұсыныс ұсынды. Қазіргі Азия-Тынық мұхиты елдеріндегі дамуды ескере отырып, бейбітшіл мүдде-мақсаттарды сол жерлерге шоғырландыру арқылы жалпы өркениеттің дамуына ықпал ететін мүмкіндіктер бар екені айтылған бұл ұсыныс қолдауды қажет етеді. Бүгінде бұл ұсынысты бүкіл әлем талқылап жатыр», - дейді. Мақала басылымның сенбілік санында «Тыныштыққа тұтқа болар Елбасы ұсыныстары талқыланды» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымның жазуынша, Ақтөбе рельс-арқалығы зауыты (АРАЗ) отандық рельс өнімдері прокатын шығарды. Бұл бірегей кәсіпорын мемлекет басшысының жеке тапсырмасы бойынша салынған ТМД аумағында теңдесі жоқ зауыт. АРАЗ-дың жобалық қуаты жылына 430 мың тонна металл өнімдерін шығаруға жетеді. Оның басты өнімі термоқысымға шыдамды Р-65 маркалы ұзындығы 120 метрге жететін жоғары жылдамдықты магистральға арналған рельстер шығарады. Оған қоса, жылына 230 мың тонна рельс арқаулары, бұрыштамалар, швеллерлер шығарады. Бұл темір жол өнімдері Қазақстанды ғана емес, көршілес мемлекеттердің де сұранысын қанағаттандырады. Мақала тақырыбы: «Алғашқы отандық рельс өнімі шығарылды».
***
«АҚШ-та таныстарының үйінде тұрып жатқан Батырхан Шүкеновтің ұлы мен бірінші әйелі көшеде қалды», - деп жазады «Экспрес-К» газеті. Бұл жайында басылымға ресейлік шоумен Отар Кушанашвили мәлім еткен. Оның сөзіне қарағанда Батырхан Шүкеновтің Мақсат есімді 13 жастағы ұлы мен Кати есімді бірінші әйелі бар. Олар бүгінде АҚШ-та далаға қалуға мәжбүр. Өйткені, олардың мұхиттың ар жағында емін-еркін өмір сүруіне Б.Шүкенов барлық жағдай жасап келген. Тіпті, үй де салып берген екен.