Тыйым салынған дәрілерді шекарадан өткізу жолы кесілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан-ресей шекарасында тиісті құжаттары болмаған медициналық препараттарды өткізу жолы кесілді, деп хабарлады ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.
«Семей» шекаралық жеке тексеріп өткізу пунктінің «Ауыл теміржол» көліктік бақылау бөлімшесінің шекарашылары қаңтардың 17 күні «Новосібір-Алматы» бағытында қатынайтын № 301 пойызды кестесінен жарты сағатқа тоқтатып қоюға мәжбүр болды. Оған себеп, № 2 вагонның жолсерігінен қажетті құжаттары жоқ, дәрігерлердің қатаң күшейтілген рецептерімен ғана берілетін, ФАРМ-бақылаудан өтпеген, Қазақстан аумағында қолдануға тыйым салынған дәрі-дәрмектердің табылуы болды.
Пойыздың тоқтатылуы жөнінде акт жасалынды. Тыйым салынған дәрілерді әкеле жатқан жолсерік Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 426-бабының 1-тармағы бойынша жауапкершілікке тартылмақ. Бұл іспен Семей қаласының ФАРМ-бақылау мекемесі айналысуда.