ТЖ департаменті елорданың сол жағалауында болған өртке пікір білдірді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы Төтенш жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Еркін Отарғалымұлы Ақорда маңы мен Д. Қонаев көшесінде болған өрт жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ТЖ департаменті елорданың сол жағалауында болған өртке пікір білдірді

«Кеше сағат 14:06-да 101 қызметіне Д. Қонаев көшесінің бойында терек мамығының өртенгені туралы хабар келіп түсті. Өрт сөндіру бөлімшелері сағат 14:13-те шақыру орнына келіп, 250 шаршы метр аумақта терек мамығы өртенгенін анықтады. Сағат 14:29-да өрт толығымен сөндірілді. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Өрт сөндіру бөлімшелерінің үйлесімді іс-қимылы арқылы от мемлекеттік меншік және шаруашылық жүргізу нысандарына өткен жоқ», - деді Е. Отарғалымұлы.

Оның айтуынша, терек мамығының өртену фактілерінің барлығы адамдардың отты абайсыз пайдалануынан болады. Кешегі жағдай да дәл сондай.

Айта кетейік, бір ғана 24 мамырда Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру бөлімшелері терек мамығының жануына байланысты 53 рет өрт орындарына шықты.