ТЖ режимін бұзу, ішімдік ішу, жалған хабар тарату – Тасқын кезінде полиция кімдерді құрықтады
АСТАНА. KAZINFORM – Төтенше жағдай мен жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыс жасау жауапкершілікті едәуір ауырлатады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтып берді.
«Жалған ақпараттың таралуына жол бермеу үшін Ішкі істер органдары ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізуде. Мысалы, Жаңаөзен қаласының тұрғыны су тасқыны салдарынан қалада жол жабылды деп жалған ақпарат таратып, жауапқа тартылды. Сондай-ақ, Қаратомар су қоймасындағы жарықшақ туралы жалған ақпарат таратқаны үшін Қостанай тұрғынына қатысты тағы бір әкімшілік материал жиналды. Сотқа жіберуді жоспарлап отырмыз. Осы орайда, жалған ақпарат таратушылар жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз», - деді Қ. Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ал Қостанайда су басқан аймаққа кіруге тыйым салу туралы полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін 4 адам жауапқа тартылған.
6 сәуірде түнгі уақытта Қостанайда тереңдігі бір метрге дейін жететін су басқан аймаққа өтпек болған мас адамдар тоқтатылды.
Ұстау кезінде олар полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, талаптарына бағынбаған.
Оған қоса, қоғамдық орында мас болып жүргені және төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін жауапқа тартылған.
«Еліміздің заңнамасына сәйкес төтенше жағдай мен жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасау жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар деп танылады. Мысалы, кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, зорлау, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін жаза күшейтілді. Осы кезде әдейі жалған ақпарат тарату, билік өкіліне бағынбау, оған қатысты қорқыту немесе зорлық-зомбылық жасау жауапкершілікті ауырлатады», - деп түсіндірді спикер.
Сонымен қатар, заңға сәйкес төтенше жағдай кезінде лауазымды тұлғалардың да жауапкершілігі артады.
Қызмет барысындағы әрекетсіздік, құқық қорғау органы қызметкерінің өз міндеттерін орындаудан жалтаруы қылмыстық жауапты ауырлатады.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызмет атқару қағидаларын бұзған, азаматтарға, ғимараттарға шабуыл жасау мен мүлікті қауіпті тәсілмен жоюға қарсы шаралар қабылдамаған бастықтың әрекетсіздігі үшін жауапкершілік күшейеді.