ТЖД аптап ыстыққа байланысты Алматы тұрғындарына үндеу жасады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті Қазгидрометке сілтеме жасап, ауа райына қатысты ескерту жариялады.

Синоптиктердің болжауынша, 17 мамыр күні Алматыда сынап бағанасы 37 градусқа дейін көтеріліп, күн қатты ыстық болады.
Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті мынандай қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:
– тауға демалуға барғанда ашық от жақпауды, тұтанған темекі қалдықтарын тастамауды сұраймыз;
– бір желіге бірнеше электр құрылғыларды қоспаңыз, өйткені электр желісінің шамадан тыс жүктелуі қысқа тұйықталуға және өртке әкелуі мүмкін;
– балаларды көліктің ішіне аз уақытқа болса да қалдырмаңыз;
– қала тұрғындары мен қонақтарын күн сәулесінен қорғану үшін серуендеуден бас тартуға шақырды.
Осыған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында жаз айларына арналған ауа райы болжамын айтқан болатын.