ТЖМ ескертеді: елімізде «Көктем-2024» оқу-жаттығуы басталды
АСТАНА. KAZINFORM - Елімізде «Су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау» тақырыбы бойынша «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқу-жаттығу 2024 жылғы 8-9 ақпан аралығында Азаматтық қорғау жүйесінің және халықтың көктемдегі төтенше жағдайларға дайындығын тексеру мақсатына жүргізіледі.
Оқу үйлестіру және жетекшілік ету жөніндегі республикалық штаб Ақтөбеде орналасқан.
«Көктем-2024» оқу-жаттығуы шеңберінде республика бойынша ТЖ жою жөніндегі іс-қимылдарды пысықтау бойынша командалық-штабтық жаттығулар, авариялық-құтқару қызметтерімен және азаматтық қорғау құрылымдарымен практикалық іс-қимылдар өткізілетін болады.
«Көктем-2024» РКШО барысында ел өңірлерінде электр сиреналарын іске қоса отырып, құлақтандыру жүйесіне техникалық тексеру жүргізілетін болады. Бұл іс-шара халыққа «Баршаның назарына!» бірыңғай құлақтандыру сигналына ден қою тәртібін дағдыландыру мақсатында өткізіледі. Осыған байланысты тыныштықты сақтап, дүрбелеңге түспеуіңізді сұраймыз»,-делінген хабарламада.