ТЖМ «КТК» арнасын ақпаратты әдейі бұрмалады деп айыптап, оны жоққа шығаруды талап етуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен министр В.Божконың брифингіне байланысты «КТК» арнасы ақпаратты әдейі бұрмалады деп айыптап, оны жоққа шығаруды талап етуде.

ТЖМ «КТК» арнасын ақпаратты әдейі бұрмалады деп айыптап, оны жоққа шығаруды талап етуде

Бұл туралы аталмыш министрліктің баспасөз қызметінен хабарланды.

«КТК» телеарнасы таратқан ақпаратқа байланысты мынаны хабарлаймыз: министрдің сөйлеген сөзінде, сондай-ақ оның сұрақтарға берген жауаптарында «спасение утопающих - дело рук самих утопающих» деген сөз айтылған жоқ. Оған аталмыш брифингтің толық жазбасын қарап, көз жеткізуге болады. Сонымен қатар 2014 жылғы 17 шілдеде болған «КТК» арнасындағы кешкі жаңалықтарда «судағы қауіпсіздік қағидасын Үкіметте жаздың соңына дейін қабылдауға уәде беруде, ол кезде жағажай маусымы аяқталады да» деп айтылды. Алайда, Төтенше жағдайлар министрі сұрақтарға жауап бере отырып нақты аталмыш қағида қабылданатын күн - ағымдағы жылғы 22 шілдеде - Үкіметтің келесі отырысында деп айтқан болатын», - делінген ведомство таратқан баспасөз хабарында.

Сондай-ақ министрлік «КТК» сайтында су айдындарында балалардың қаза болуы фактілеріне байланысты ТЖМ-ның әрекетсіздігіне іс жүзінде кінә таға отырып, жария етілген ақпараттың тақырыбын ерсі көреді.

«Төтенше жағдайлар министрлігі жұмысы туралы ақпаратты тұрақты түрде әдейі бұрмалау наразылық тудырады, біз оны қорқыту және министрлік басшылығына ықпал ету деп бағалаймыз. Министрлік сыбайлас жемқорлықпен күресті белсенді түрде әлі де жүргізуде және пара алып, құтқарушы деген жоғары атаққа лайық емес адамдар жұмыстан босатылатынын айтады. Осыған байланысты ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі айтылған ақпаратты теріске шығаруды талап етеді, сондай-ақ «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес «Азаматтардың немесе ұйымдардың (мемлекеттiк органның, азаматтардың қоғамдық, шығармашылық, ғылыми, дiни не өзге де бiрлестiгiнiң және заңды тұлғалардың) ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi тарату, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сотқа ықпал жасау Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жауаптылыққа әкеп соғатынын» ескертеді», - делінген баспасөз баянында.