ТЖМ өрт қаупі кезеңі аяқталғанға дейін аңшылық маусымды ашу мерзімін шегере тұруды ұсынды

Бұл ұсынысты бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңес барысында ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров жасады.
«Төтенше жағдайлар министрлігі орын алған жағдайға байланысты өрт қаупі кезеңі аяқталғанға дейін аңшылық маусымының ашылу мерзімін шегере тұру мақсатты деп санайды. Өйткені, біз аңшылық дегенді және оның қандай салдарының болатындығын да білеміз. Сондықтан бұндай ұсынысты ықтимал өрт тұтану оқиғаларын мейлінше төмендету мақсатында ұсынып отырмыз», деді.
В.Петровтың алға тартқан деректеріне қарағанда, соңғы бір аптаның ішінде республика бойынша жалпы аумағы 7800 гектарды құрайтын 59 дала өрті тіркелген. Оның 45-і Ақтөбе, 7-еуі Қарағанды облысына тиесілі. Сондай-ақ Атырау, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында да екіден өрт оқиғасы орын алған.