ТЖМ: Өткен тәулікте қар құрсауынан 259 адам құтқарылды, оның 30-ы бала
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәулік ішінде елімізде қар құрсауынан 259 адам құтқарылды. Ол үшін 21 бірлік техника жұмылдырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Өткен тәулікте елімізде қар құрсауынан 259 адам, оның ішінде 30 бала құтқарылып, 21 техника шығарылды. Қазіргі уақытта жылыту бекеттерінде 139 адам, оның ішінде 14 бала бар. Блок бекеттерде 664 техника, оның ішінде 346 жеңіл және 318 жүк көлігі тұр. Кеше кешке еліміздегі блок бекеттерде 1 400 көлік тұрған болатын», - делінген хабарламада.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, төтенше жағдайға тап болған адамдарды құтқару мен қар тазарту жұмысына ТЖМ, ІІМ, жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметтерінен 232 адам және 134 бірлік техника жұмылдырылды.


«Ауа райының нашарлауына байланысты (боран, көрінудің шектелуі) Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Павлодар және Түркістан облыстарында республикалық маңызы бар автожолдардың 24 учаскесі мен облыстық маңызы бар автожолдардың 42 учаскесі жабылды», - дейді министрліктен.
Сондай-ақ, хабарламада Нұр-Сұлтан қаласы және Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында республикалық және аумақтық жедел штабтар құрылғаны айтылған.

«Министрлік азаматтарға елді мекеннен шыққан кезде қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді. Алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамымен танысып, автокөліктің техникалық жай-күйінің дұрыстығына көз жеткізген абзал. Өзіңізбен бірге қысылтаяң жағдайларда көмектесетін барлық қажетті заттарды алып жүріңіз», - деген кеңес берілді.
Айта кетейік, жолдардың жабылуы және ауа райына байланысты ескерту туралы хабарды «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы немесе құтқару қызметінің 112 бірыңғай желісі арқылы білуге болады.




