ТЖМ шомылу маусымында судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – Төтенше жағдайлар министрлігі шомылу маусымында судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмысты күшейтіп, азаматтарды қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға шақырды.

Астанада шомылу маусымы басталды
Фото: Астана әкімдігі

Ведомствоның мәліметінше, құтқарушылар су айдындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып жатыр.

«Балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмаңыз және ересектердің бақылауынсыз шомылуына жол бермеңіз. Бейтаныс әрі шомылуға жабдықталмаған орындарда, сондай-ақ "Шомылуға тыйым салынады", "Сүңгуге тыйым салынады", "Қауіпті! Иірім" белгілері қойылған жерлерде суға түспеңіз», – деп ескертті ТЖМ.

Министрлік сондай-ақ алкогольдік масаң күйде суға түспеуге, шомылу аумағын белгілейтін қалқымалардан асып жүзбеуге, шағын көлемді кемелер мен өзге де жүзу құралдарына жақындамауға шақырды.

Бұдан бөлек, тексерілмеген жерлерде суға сүңгуден, жүзуге арналмаған заттарды пайдаланудан және қайықтардан, айлақтардан, жартастар мен басқа да арналмаған орындардан суға секіруден бас тарту қажеттігі айтылды.

«Әрбір азамат су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы тиіс. Осы қарапайым қағидаларды сақтау сіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді», – деп хабарлады ведомство.

Айта кетейік, Петропавлдағы Пестрое көлінде ер адам суға тұншығып, көз жұмды.