12:05, 18 Қаңтар 2009 | GMT +5
У.Чавес Фидель Кастроның қайтыс болғаны туралы сыбысты тағы да жоққа шығарды
МӘСКЕУ. Қаңтардың 18-і. ҚазАқпарат – «Куба көшбасшысы Фидель Кастро белсенді жұмыс істеуді жалғастыруда, ол бұрынғыша мақалалар жазуда және барлық халықаралық оқиғардан хабардар» - деп мәлімдеді Венесуэла президенті Уго Чавес аңызға айналған кубалық басшының қайтыс болуы ықтимал деген сыбыстарға қатысты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап. Бұрын бейресми жағдайда сөз сөйлеп, халықпен жүздесуге құмар 82 жастағы Ф.Кастро 2006 жылы шілдеде ішегіне шұғыл операция жасалғаннан бері жұрт алдына шыққан жоқ. Алайда Куба баспасөзінде Фидель Кастро қол қойған мақалалар ұдайы жарық көріп тұрды, бірақ та соңғы кездері мұндай мақалалар бір айға жақын уақыт бойы тыйылып қалды (соңғысы 2008 жылғы желтоқсанның 15-інде жарияланған болатын), міне осы жағдай ұлы революционер көз жұмған болуы ықтимал деген сыбыстарды өршітіп жіберді. Ф.Кастромен жиі қарым-қатынас жасап тұратын Венесуэла көшбасшысы У.Чавес бұл сыбыстарды бірнеше рет жоққа шығарып, оның немен айналысып жатқанын талай рет айтқан болатын. Сонымен қатар У.Чавес бұдан бірқатар уақыт бұрын өз пікірі және мәліметтері бойынша енді Ф.Кастро жұрт алдына шыға алмас, дегенді айтып қалған еді.Куба өкімет орындары Ф.Кастроның денсаулық жағдайы туралы айта бермейді. 2006 жылы Фидель ел тізгінін өзінің інісі Рауль Кастроға берген сәттен бастап оның денсаулық жағдайы және сырқаты туралы ақпарат мемлекеттік құрпия ретінде жабық тақырып болып тұр.