Ұ. Қарабалин: Қазақстан Азия өңірін энергетикалық қауіпсіздікпен қамтамасыз етудегі өз мүмкіндіктерін нығайтуға ниетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан келешекте Азия өңірін энергетикалық қауіпсіздікпен қамтамасыз етудегі өз мүмкіндіктерін нығайтуға ниетті.

Ұ. Қарабалин: Қазақстан Азия өңірін энергетикалық қауіпсіздікпен қамтамасыз етудегі өз мүмкіндіктерін нығайтуға ниетті

Бүгін Астанадағы «KAZENERGY-2015» оныншы Еуразиялық форумы аясындағы конференцияда Энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин осылай мәлімдеді. Еске салайық, форум аясындағы мұнай-газ конференциясы «Еуразия өңіріндегі энергия қауіпсіздігі: жаңа ынтымақтастық механизмі» тақырыбында өтіп жатыр.

Жиын барысында сөз сөйлеген Энергетика министрінің орынбасары Ұзақбай Қарабалин Қазақстанның мұнай-газ саласындағы Қытаймен әріптестік мәселелеріне де назар аударған болатын.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытайдың «Жібек жолы» экономикалық белдеуі бойынша 3 аса маңызды аспектісі бар. «Бірінші бұл «CNPC» компаниясы қызығушылық танытып отырған «Еуразия» жобасын жүзеге асыру. Бұл жоба Каспий маңын терең зерттеуге бағытталып, ғылыми-зерттеулерді, технологиялық және қолданбалы зерттеулердің кең ауқымын қамтиды. Біздің пікірімізше, «Еуразия» жобасы әлемдік геология ғылымының дамуына тың серпін беріп, жаңа үлес қосуы мүмкін. Осының арқасында Қазақстан алдағы ұзақмерзімді келешекте тұтастай Азия өңірін энергетикалық қауіпсіздікпен қамтамасыз етуде өз мүмкіндіктерін нығайтуға мүдделі»,- деді Ұзақбай Қарабалин.

Бұдан бөлек, вице-министрдің айтуынша, Қазақстан мұнай өндіру әдісі бойынша Қытаймен арадағы зерттеу құрамдастарын дамытуға да мүдделі. «Мемлекет басшысы мұнай өндірудің жалпы коэффициентін ұлғайту жөнінде тапсырма берген болатын. Осы ретте қытайлық компаниялардың мұнай өндіруді ұлғайту процесін ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету мәселесіне өте үлкен жауапкершілікпен қарайтыны бізге мәлім. Осыған байланысты аталған мәселе бойынша Қазақстанның мүмкіндіктерін арттыру бойынша Қытайдың беделді орталықтарымен сындарлы ынтымақтастық орнатамыз деген ниеттеміз», - деді Ұ.Қарабалин.