Ұ. Қарабалин мұнай арзандағанымен, бензин неліктен қымбаттап жатқандығын түсіндірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин Қазақстанда мұнай арзандағанымен, бензиннің неліктен қымбаттап жатқандығын түсіндірді.
«Әлемде мұнай бағасының төмендеуі мен оның біздің ішкі нарықтағы мұнай өнімдеріне ықпалына тоқталып өтейін. Мұнай бағасының түсуіне байланысты, әрине, мұнай өнімдеріне, сондай-ақ негізінен бензин мен дизель отынына біз бағаны төмендетуге тиісті екеніміз түсінікті. Алайда, бұл тұрғыда басқа мәселенің әсері бар. Атап айтқанда, мұнай өнімдерінің үштен бір бөлігін біз негізінен Ресейден аламыз. Осы орайда Ресейде Қазақстанға бензинді жеткізетін трейдерлеріміз мұнай өнімдерін жеке құрылымдардан, зауыттардан келісімшарт бойынша сатып алады. Көтерме сатып алулар шарттар бойынша жүзеге асырылады және ондағы бағаны сатушы нарықтық жағдайлар аясында бекітеді»,-деді Ұ. Қарабалин.
Осы орайда ол бұрынғы бағамен Қазақстанға ешқайсылары да бензинді жеткізе алмас еді, яғни, көбісіне бұл бизнес тиімсіз болады. Нәтижесінде отын тапшылығы туындауы ықтимал.
Оның сөзіне қарағанда, біздің жақын көршілерімізге қарағанда Қазақстанда бензин қымбат емес. «Бүгінде Қырғызстандағы баға - 160 теңге. Қазіргі кезде бізде ресейлік бағамен теңесіп қалды. Сондықтан жақында қабылданған шараны дұрыс деп есептейміз»,- деді Ұ. Қарабалин.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйектің төртінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Үкімет Аи-92/93 бензині бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартқандығын хабарлаған болатын. Б. Сағынтаевтың айтуынша, Үкімет бензин тапшылығын болдырмас үшін Аи-92/93 бензині бағасына мемлекеттік реттеуден бас тартып отыр. Қазақстан бұрындары Ресейден жетпейтін бензинді 97 теңгеден алған еді, яғни 1 рубль - 2,95 теңге бағамы бойынша. Бүгінде теңгенің еркін бағамы аясында бензин 120 теңгеден сатып алынып, 108 теңгеден сатылуда. «Сәйкесінше, шығынмен ешкім де жұмыс істегісі келмейді. Егер осылай жалғасса, жақын арада, қыркүйектің аяғына қарай бензин тапшылығы туындайды», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, еліміздегі өндіріс пен тұтыну балансында Аи-92/93 бензинін үш мұнай зауытында өндіру көлемі 2,1 млн. тонна, ал тұтыну деңгейі 3,2 млн. тоннаны құрап отыр. Яғни, 1,1 тонна көлемінде жетіспеушілік бар. Бұл қажеттіліктің негізгі көлемі Ресейден жеткізілуде.