Уақап Қыдырханұлын қазақ публицистикасындағы диаспоратану тақырыбының тұңғыш із салушысы деуге болады - Т. Мамашев
АЛМАТЫ. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат - Уақап Қыдырханұлы қазақ баспасөзінде «Миграция әлемде әрі саясат, әрі адамгершілік, әрі ғылым» деп тұңғыш жар салған және бұл тұжырымды ең алғаш дәлелдеген адам.
Бұл туралы кеше Алматыда Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері және Қазақстанның құрметті журналисі У.Қыдырханұлының 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеште айтылды.
«Бұл кісінің көші-қондағы атқарған еңбегі ұшан-теңіз екенін ел жақсы біледі. Мен үшін Уақап ағамыздың бар өмірі, тағдыры, болмыс-бітімі қазақ көші-қонының жоқшысы болуға арналғандай көрінеді де тұрады. Ерте кеңестік кезеңнің өзінде шет елдегі отандастармен байланыс жасасу жөніндегі Қазақстан қоғамында, кейін бұл қоғамның еларалық «Шалқар» газетінде бас редактор болып қызмет атқарды», - дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев. Оның айтуынша, қайраткер публицистің уақыт тынысын тап басып танып, өз кезеңінен оза жүретін көрегендігі де бар. Бұл туралы мерейтойға орай қауымдастықтың тікелей атсалысуымен шығарылған «Өз елім - өзегім» атты кітаптың алғысөзінде айтылады.