Уәкілетті экономикалық операторлар институты жетілдірілетін болады - Мәжіліс
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кедендік әкімшілендіру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы болып өтті.
Аталған құжат Мемлекет басшысының Парламент сессиясын ашу барысында жүктеген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген.
«Заң жобасы еліміздегі кедендік рәсімдерді оңайлату және үйлестіру жөніндегі Киото конвенциясының стандарттарына сәйкестендіруді қарастырады. Заң жобасы сондай-ақ Қазақстанның кедендік заңнамасын жетілдіру, сыртқы экономикалық қызмет саласында мемлекеттің бәсекеге қабілеттілік рейтингін жақсарту, халықаралық сауданы дамыту мақсатында әзірленген», - дейді Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев.
Оның сөзіне қарағанда, құжатта кеден ісі саласындағы уәкілетті органның жеке пайдалануға арналған тауарлар бойынша талаптарды белгілеудегі құзіретін айқындау, халықаралық шарттар бойынша тауарларды әкелу кезінде жеңілдіктерді қолдануда мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл тәртібін әзірлеу және қабылдауда құзіретін айқындау секілді бірқатар жаңалықтар енгізіліп отыр. Сонымен қатар, жаңалықтардың бір парасы уәкілетті экономикалық оператор қызметін жетілдіруге бағытталады.
«Қазіргі таңда осындай уәкілетті операторлар Еуроодақ, АҚШ, Түркия секілді әлемнің 60-тан астам елінде бар. Қазақстандағы 91 уәкілетті экономикалық оператордың 11-і өндірістік компания болып табылады», - дейді Ардақ Теңгебаев.
Оның сөзіне қарағанда, заң жобасындағы уәкілетті органның жеке пайдалануға арналған тауарлар бойынша талаптарды белгілеу туралы нормасы «көлеңкелі» экономикадан ресми түрде кәсіпкерлік қызметпен айналыспайтын жеке тұлғаларды анықтауға септігін тигізеді. Сонымен қатар, мұндай қадам жеке тұлғаларға қатысты қолданылатын шектеулердің жариялылығын қамтамасыз етуге, кедендік төлемдер мен салықтарды көбейтуге ықпал етеді.