Уақыт белдеуі: Министрлік петиция талабын орындаудан бас тартты

АСТАНА. KAZINFORM – Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «Уақытты кері қайтару» петициясы бойынша қандай шешім қабылданғанын мәлімдеді.

уақыт
Коллаж: Kazinform

«Жұмыс тобы ұсынған барлық деректер мен дәлелдемелерді, ғылыми зерттеулер мен ұсынымдарды зерделей отырып, Қазақстан Республикасының бірқатар өңірлерін бір сағатқа кері ауыстыру табиғи күн циклдеріне сәйкес келетіні және ғылыми зерттеулер мен ұсынымдарға негізделгені расталды. «UTC + 5» уақыт белдеуі Қазақстан Республикасы аумағының көп бөлігінде табиғи циклге барынша жақын стандартты уақыт белдеуі болып табылады. Стандартты уақыт белдеуінің оң әсері туралы негізделген халықаралық ғылыми зерттеулерді және уақыттың ауысуы халықтың денсаулығына кері әсер еткенін растайтын деректердің болмауы негізінде Сауда және интеграция министрлігі петицияны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады», - деп жазылған министрлік таратқан баспасөз-релизде.

Арман Шаққалиев Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері «UTC + 5» уақыт белдеуінің халық денсаулығына қалай әсер ететінін үш жыл бойы зерттеуді ұсынғанын еске салады.

«Ұлттық экономика және энергетика министрліктеріне жылу маусымы мен маусымдық өзгерістерді ескере отырып, өңірлерде электр энергиясын тұтынуға мониторинг және талдау жүргізу тапсырылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұйымдар мен кәсіпорындарға күндізгі уақытты ескере отырып, жұмыс кестесін түзету мүмкіндігін түсіндіру ұсынылды. Өтiнiш берушiнiң қабылданған шешiмге Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк рәсiмдiк-iс жүргiзу кодексiнiң 91-бабына сәйкес шағымдануына құқығы бар», - делінген министрлік мәліметінде.

Соңғы жаңалықтар