Уақытша жұмыс тәжірибесінен кету керек – депутат
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова уақытша қоғамдық жұмыспен қамту практикасынан кетуді, оның орнына азаматтарды елдегі тапшы мамандықтарға қайта оқытуды ұсынды.

– Мәселен, уақытша жұмыста азаматқа 10 ай бойы ең төменгі жалақы беріледі, еңбек демалысына шықпайды, әлеуметтік жарналар төленбейді, жаңа дағды мен жаңа мамандықты да үйренбейді. Әйтеуір жұмыссыз емес деген көрсеткіш үшін енгізілгендей. Еңбек министрлігі осыған көңіл бөлуі керек, өңірлер бөлінісінде қанша жұмыссыз адам бар, қанша жас аралығында екенін зерттеуі керек, – деді депутат агенттіктің «Bizdin orta» подкастында.
Оның айтуынша, елімізде энергетикада маман тапшы, су тасқыны болғанда да, ирригация саласында маман жетіспейтіні байқалды.
– Осы мамандықтар бойынша 10 айға дейін тез біліктілік арттыратын бағдарламалар болса, қаражатты соған бағыттау керек. Бұл адамдар мемлекеттің 80-85 мың теңгесіне қол жаймай, ертеңгі күніне сенімді болар еді. Қазір әрбір өңірде «Уақытша жұмыспен қамту» бөлігіне қомақты қаржы кетіп жатыр, мұны Еңбек министрлігіне биылғы бюджет бекітілгенде де батырып айттық. Еңбек министрлігі барлық салалық министрліктермен бірлесіп, азаматтардың уақытын алмай, елге қажетті мамандықтарға оқытып, бағыттап жіберуі керек. Өңірлерге қажет мамандар баспана, балабақша тақырыбын көтеруі мүмкін, бұл да кешенді үлкен мәселе, осыны да қарастыру керек, - деді Ж. Сүлейменова.
Бұған дейін спикерлер жасанды интеллектінің Қазақстанның еңбек нарығына қалай әсер ететінін талқылаған еді.
Сондай-ақ, Жұлдыз Сүлейменова еңбек нарығындағы жаңашылдықтарға бейімделу үшін елімізде қандай заңнамалық өзгерістер болғанын айтып берді.