Уақыт ырғалып-жырғалуды көтермейді - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 14 қараша, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы қазіргі әлемде қалыптасқан күрделі кезеңде жарияланып отыр. Оның үстіне, бұл құжат алдағы жылдағы міндеттерді нақты айқындап берді. « Егемен Қазақстан » газетiнiң бүгiнгi санында жарияланған Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Рашит Ахметовпен болған сұхбатта аталмыш мiндеттер талданады.
«Ұлттық қордан айтарлықтай қаржы бөлінбек. Соның бір бөлігі проблемалық несиелер мәселесін шешуге бағытталатын болады. Бұл мәселені проблемалық несиелер қорын қосымша капиталдандыру арқылы шешу көзделген. Проблемалық несиелер қоры туралы бөлек айта кетпекпін. Бұл қаржылар банктерге бөлінеді деген бізде қате түсінік бар. Қаржы банктерге емес, Проблемалық несиелер қорына банктерден дисконтпен проблемалық несиелерді сатып алу үшін бөлінеді, олар - қарыз алушы төлей, ал банк өзінен ысыра алмайтын несиелер», - дейдi бiр сөзiнде сенатор Р. Ахметов. Толығырақ - « Уақыт ырғалып-жырғалуды көтермейді » атты сұхбаттан оқи аласыздар.
Ертең - Ұлттық валюта - теңге күні. Осыдан жиырма бір жыл бұрын осы күні төл теңгеміз айналысқа түскен. Осыған орай « Егемен Қазақстан » елiмiздiң ұлттық валютасының тарихына көз жүгiртiп, жиырма бір жылдағы жаңалықтары туралы толымды мақала ұсынған.
«Бұл күн мемлекеттігіміздің мәртебесі тағы бір дәлелденіп, абыройымыз асқақтап, өзгенің емес, өз ұлттық ақшамызды қолға ұстап, қазақы дүниеміздің қатары қосылып қуанғанбыз. Содан бері бұл күннің мерейі үстем - мереке», - деп жазады автор « Ұлттық валютаны ұлықтар күні » атты мақалада.
***
Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды « Айқын » басылымы « Арқаны кеңге салуға болмайды » атты мақалада.
Газеттiң жазуынша, отырыста Қазақстандағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай қаралған.
«Бұл тақырыптың өзектілігін бірқатар фактор, соның ішінде әлемдегі Эбола вирусының таралуына байланысты оқиғалар көрсетіп отыр. Отырысты ашқан Қазақстан Президенті халық денсаулығын қорғауды тиімді қамтамасыз ету мемлекеттің басымдығы бар міндеттерінің бірі саналатынына тоқталды. «Елімізде жұқпалы, соның ішінде әлеуметтік аурулардың, сондай-ақ Cібір жарасы мен бруцеллезді қоса алғанда, жануарлардың қауіпті ауруларының ошақтары бар. Сонымен бірге Эбола вирусының таралуы секілді сыртқы қатерлер де ұлғаюда. Тұрғындарды түрлі жұқпалардан қорғау мәселесіне жіті назар аударып, тиісті шаралар қабылдау қажет. Мемлекеттік органдардың жауапкершілігін нақты айқындап, олардың іс-қимылдарын үйлестіруді қамтамасыз еткен жөн, - деді Нұрсұлтан Назарбаев», - делiнген мақалада.
« Айқынның » газетінің « Қазақстан - « үстемдiк орталығына » айналады » деп аталатын тағы бiр материалында ел Үкіметі Мемлекет басшысы алдында «әлемдегі жаңа салалардағы инновацияларды Қазақстанда дамыту схемасының» таныстырылымын өткізуге әзірленіп жатқандығын жазуда.
«Соның барысында «Үстемдік орталықтары» деген шартты атауы бар жаңа құрылымның тұсауы кесіледі деп күтілуде. Бұл туралы кеше, отандық ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың басты технологиялық міндеттеріне арналған жиында жарияланды. Ел басшылығының тапсырмасымен, Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік (ТДҰА) қазақстандық 350 ірі және орта кәсіпорындармен, сондай-ақ ғылыми ортамен тізе қоса отырып, экономикамыздың 6 жетекші саласындағы «технологиялық міндеттерді» анықтапты. Бұл - ғылым мен бизнестің байланысын нығайту, өнертабыстық әзірлемелерді өндіріске ендіру және коммерцияландыру, инновациялық саясат түзету үшін қажет болыпты», - делiнедi мақалада.
***
Қазақстандықтар Алматыдағы жеке меншiк «Кәусәр» балалар интернатында орын алған жаға ұстатар оқиғаны әлi күнге дейiн қызу талқылап келе жатыр. Оның қызметкерлерi хабарлағанындай, интернаттың 39 жастағы экс-директоры 12 жасар жетiм қызды өзiне әйел қылып алған. Осыған байланысты « Экспресс К » газетi мән-жәйдi анықтау үшiн бiрнеше меморганға сауал жолдаған.
«Дiн iстерi комитетiнiң ислам ұйымдарымен байланыс басқармасының қызметкерi Балғабек Мырзаев аталмыш ақпаратты тексерiп жатқандығын хабарлады.
- Әзiрге ауызша анықтағанымыз бойынша, ол қыз некеге тұрған кезде 16 жаста болған. Бiрақ бұл факт мәселенiң мәнiсiн өзгертпейдi», - деп түсiндiредi ол», - делiнген мақалада.
Газеттiң жазуынша, прокуратураның қадағалау органдары аталмыш мәселеге қатысты тергеу жүргiзуде, егер факт дәлелденсе, оны қылмыстық жауапкершiлiк күтiп тұр.