Уақытша тіркеуден кейін пәтерді жасырын түрде жалға берген тиімсіз болады - риэлторлар қауымдастығы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан риэлторлары біріккен қауымдастығының президенті Елена Гриваның ойынша, уақытша тіркеуге тұрмағаны үшін айыппұл салу нормасы күшіне енгеннен кейін пәтер жалдаушының өзі уақытша тіркеуге қоюды талап етеді. Ал пәтерді жалға берушілер үшін үйді жасырын жалға бергенше ол кәсіпті ресми түрде жүргізген тиімді болады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Уақытша тіркеуден кейін пәтерді жасырын түрде жалға берген тиімсіз болады - риэлторлар қауымдастығы

«Уақытша тіркеу үшін жауапкершілікті енгізген дұрыс. Соның нәтижесінде жалдамалы тұрғын-үй нарығының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Иә, кез келген адам пәтер жалдап тұрғандарды өзінің туған-туыстары деп таныстырып, үйді жасырын түрде жалға берсе де болады. Алайда олай ақша тапқан тиімсіз. Себебі біреу-міреу біліп қойса, айыппұл төлеуге тура келеді. Қазіргі кезде айыппұл төлегенше, патент алып, ресми түрде 2-ақ пайыздық салықты төлеп отырған тиімді. Былайша айтқанда, пәтерді жасырын жалға беретіндер үшін көлеңкеден шыққан дұрыс», - деді Грива ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Оның ойынша, бүгінде уақытша тіркеуге тұрғызбағаны үшін ғана емес, сол тіркеуге тұрмағаны үшін де айыппұл енгізілгендіктен, пәтер жалдаушының өзі уақытша тіркеуге тұрғызуды талап ететін болады. Себебі учаскелік инспектор тексеріп қалса, екі жаққа да шығындалуға тура келеді.

«Бір ғана ескертуім бар, xалыққа осы уақытша тіркеуді реттеп алуға қажетті уақытты көбірек беруге болатын еді. Сонда xалық арасындағы дүрбелең де туындамайды», - деп атап көрсетті риэлторлардың басшысы.

Айта кетейік, қаңтардың 7-сінен бастап Қазақстан азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеу мен уақытша тіркеуге қатысты жаңа норма күшіне енді. Бір айдан кейін, яғни ақпанның 7-сінен бастап тұрақты және уақытша тіркеуге тұрмаған азаматтарға айыппұл салынады.

Үйдің құжаттары дайын болмаса, жұмыс орны, я болмаса, туыстардың мекен-жайы бойынша уақытша тіркеуге тұруға болады. Уақытша тіркеу коммуналдық төлемдерге әсер етпейді.