«Уақытында төленбеген салық мәселесін шешу - басты міндет» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 1 ақпан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Алматыда тағы да 48 жерасты және жерүсті өтпе жолдары салынады» деген мақала басты. Онда соңғы жылдардың бедерінде мегаполис қаланың басты мәселесінің бірі көлік кептелектері болып отырғандығы айтылады. Осы түйткілді тарқату мақсатында Алматыда кешенді шаралар атқарылып келеді. Көліктердің жылжуын жеңілдетіп, жаяу жүргіншілердің де жайын ойластырып отырған оңтүстік астанада тек 2011 жылы 22 жерасты және жерүсті өтпе жолдары салынды. Автокөліктер жылдам қозғалатын Алматыда қазір жаяу жүргіншілер үшін 56 өтпе жолдар бар.
Ендігі жерде Алматы қаласының әкімі ірі-ірі магистральдағы көліктердің өткізілу жылдамдығын жақсарту үшін жаяу жүргіншілердің де жайын ескере отырып, жерасты және жерүсті көпірлерінің құрылысы бағдарламасын қайта қарап шықты. Мегаполисте жол қозғалысы қауіпсіздігі мен көшелердегі жүктемелерді азайту бұрынғысынша көкейкесті қалпында тұр.
Осы басылымның жазуынша, қазір жиналмаған салық мөлшері 224 миллиард теңгеге жеткен (бұл біріккен бюджет түсімдерінің 3 пайызын құрайды), оның 73 пайызы жалған кәсіпкерлер төлемеген салық және жалған келісімдерден алынбаған салымдар болып табылады. Көп ретте бұл жалған кәсіпкерлердің активтері болмайды. Олардан салық түсімдерін өндіріп алу жөнінде барлық мүмкіндіктер жасалып жатыр. Алайда, бұл төленбеген салықтарды азайтуға және осындай олқылықтың орын алуына бақылау жасау жөніндегі міндеттерді жоққа шығармайды. Оның үстіне бұл кемшіліктерді шұғыл шешу мәселесі Мемлекет басшысының Жолдауында атап көрсетілді және Қаржы министрлігінің жақында өткен алқа мәжілісінің күн тәртібінде қаралды. Қаржы министрлігінің пікірінше, қысқа мерзім ішінде төленбеген салықтар мөлшерін азайтуды құқық қорғау органдарымен бірлесе атқарылатын шаралар арқылы қамтамасыз етуге болады. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Уақытында төленбеген салық мәселесін шешу - басты міндет» атты мақаладан оқыңыздар.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, Президент Жарлығына сәйкес Жаңаөзен қаласынан негізгі күштер мен ішкі әскер жасағы шығарылып, қазір қалада ІІМ Жаңаөзен гарнизоны мен қалалық ІІБ-нің патрульдік қызметі қызмет етуде. Қалада жоспарға сәйкес, барлық жұмыстар жалғасуда. 30 қаңтарда мемлекеттік сараптаманың мекемесі 16 коммерциялық нысандардың толықтай қайта қалыпқа келгенін мәлімдеді. Сонымен бірге сол күнгі мәлімет бойынша, қаладағы азық-түліктің бағасы республикалық орта бағадан төмендеу. Мәселен, картоптың бір келісі 70 теңге (Ақтауда 80 теңге тұрады), күріштің бағасы 130 теңгеден сатылып жатыр. Бұл баға өңірдің басқа аймақтарымен салыстырғанда, біршама төмен. Сондай-ақ азық-түлік қоры қалада жеткілікті. Жаңаөзендегі төтенше жағдай режімі алынып тасталғаннан кейінгі қалыптасқан жағдай жөнінде «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «16 нысан қайта қалпына келді» атты мақаладан оқыңыз.
Осы басылым бүгінгі санында «Жер де алғанды жақсы көреді» деген тақырыппен үлкен проблема көтерді. Басылымның жазуынша, осыдан бес жыл бұрын ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылған жер көлемі 35 миллион гектар болған. Қазір ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылып жатқан жер 22 миллион гектарға қысқарды. Қысқарған жерлер пайдаланылмай қалып жатыр. Өйткені ол жерлердің өнімділігі азайып кеткен. Себебі дер кезінде тыңайтқыштар себілмеген. Егер бұл қарқын одан әрі қарай жалғаса берсе, онда егістік алқабы одан әрі азая түседі. Сол үшін оған жол бермеу керек. Қазір жақсы өнім беретін жер пайдаланылады да, өнімді аз беретін жерлер ысырылып қалып жатыр. Неге десеңіз, бізде жер жеткілікті. Дегенмен жер көп екен деп оны қалай болса солай пайдалануға болмайды. Бұл мәселе жөнінде «Айқын» басылымының бүгінгі санын егжей-тегжейлі білуге болады.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, Экономикалық даму және сауда министрлігінің алдында елдің даму көрсеткіштерін сақтап, индустриализациялау мен экономиканы диверсификациялау және жаңа жұмыс орындарын ашу міндеттері тұр. Яғни аталмыш ведомствоға мемлекеттің экономикалық саясатының біртұтастығын сақтап, барлық органдардың алдыға қойған бағыт бойынша жылжуын үйлестіріп отыру міндеті жүктеліп отыр. Ал бұл министрлік өзіне жүктелген осы міндеттерді талапқа ай жүзеге асыра алды ма?. Бұл мәселелер кеше экономикалық даму және сауда министрлігінің 2011 жылы атқарған жұмыстарына байланысты өткен алқа мәжілісінде сөз болды. Мәжілісте көтерілген мәселелер «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында «Разработка плана «Б» в приоритете» атты тақырыппен басылды.