ҰБ төрағасы: Басты мақсат — инфляцияны бір таңбалы мәнге қайтару

АСТАНА. KAZINFORM — Стратегиялық маңызы бар жобаларды ғана қаржыландыру қажет. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

Ұлттық банк
Фото: Ұлттық банк

— Инфляцияны тұрақтандырудағы маңызды фактор — фискалдық консолидация. Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді 2,8 трлн теңге деңгейінде шектеу — маңызды дезинфляциялық фактор. Енді республикалық бюджеттің консолидациясын іс жүзінде іске асырған жөн. Үйлестірудің тағы бір бағыты — экономиканы қаржыландыру бағдарламасын сапалы іске асыру. Біздің ойымызша, стратегиялық маңызы бар жобаларды ғана қаржыландыру қажет. Бағдарламаның мақсаты — шикізатқа жатпайтын салаларда қосылған құнды арттыру. Ішкі нарықта отандық тауарларға ұсыныстың өсуі инфляцияның төмендеуіне оң ықпал етуге тиіс, — деді Тимур Сүлейменов Үкіметтің өткен жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау барысында.

Оның айтуынша, Ұлттық банк пен Үкіметтің биылға жоспарланған басты мақсаты — инфляцияны бір таңбалы мәнге қайтару.

— Негізгі құралы — Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған Үкіметтің, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлескен іс-қимыл бағдарламасы және Инфляцияны бақылау мен төмендету шараларының кешені, — деді Ұлттық банк төрағасы.

Айта кетейік, 2025 жылы еліміздің алтын-валюта резервтері 42,8 пайызға өсті.