Үбі өзенінде мұзу жару жұмыстары жүргізілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында Үбі өзенінде мұзу жару жұмыстары жүргізілді. Бұл жайында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үбі өзенінде мұзу жару жұмыстары жүргізілді

Ведомствоның атап өтуінше, Шығыс Қазақстан облысында Алтай ауданындағы Бұқтырма, Тұрғысын, Шемонаиха ауданындағы Үбі, Глубокое ауданындағы Глубочанка мен Үлбі өзені бассейндерінде орналасқан елді мекендерді су басу қаупі, сондай-ақ Үржар мен Көкпекті аудандарындағы таулы аймақтарда беткейден ағыс қалыптасу ықтималдығы жоғары. Осыған байланысты барлық қалалар мен аудандарда су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда республикалық және облыстық маңызы бар жолдардағы көпірлер мен су өткізу құбырларын тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 816,5 мыңнан астам текше метр қар шығарылды. 79,6 мың дана құм салынған қап пен 4,5тонна инертті материал дайындалды.

«Мұз құрсауының алдын алу үшін өзендерде профилактикалық жару жұмыстары жүргізілуде. Жалпы алғанда мұзды қопсыту жұмыстары 7 аудандағы 21 учаскеде жоспарланған. Жұмыстар Шемонаиха және Бородулиха аудандарындағы Үбі өзенінде жүзеге асырылды. Шемонаиха қаласындағы автомобиль көпірі ауданында 2900 шаршы метр аумақта мұз ұсатылса, Жоғары Үбі және Үлбі ауылдарында 7040 шаршы метр, Бородулиха ауданындағы Красный Яр ауылында -580 шаршы метр жерде мұз қопсытылды. Бұдан әрі қарай жұмыстар Бесқарағай, Күршім, Катонқарағай және Алтай аудандарында және Семей қаласының маңында жүргізіледі», - деп атап өтеді комитеттен.