ҰБТ-2024: Түлектер сынақтан қалай өтіп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда биылғы оқу жылын 16 мыңға жуық түлек тәмамдады. Мектеп бітірушілер 16 -ші мамырдан бастап ҰБТ тапсырып жатыр. Тестілеу жұмыстары шілденің бесіне дейін жалғасады. Үміткерлерге жоғары оқу орындарына грант жеңіп алу үшін 2 мүмкіндік берілген. Қазіргі уақытта тестілеу қала бойынша 1 пунктте ғана өтіп жатыр. Кazinform агенттігінің тілшілері түлектер сынақтан қалай өтіп жатқанын көріп қайтты.

талапкер
Фото: Александр Павский / Kazinform

Ұлттық бірыңғай тестілеуге кірген-шыққан түлектердің бойынан уайым мен үрейді байқамадық. Сыртта баласының тілеуін тілеп жүрген ата-аналар да көп емес. Тест тапсыруға келген ұл- қыздардың тым ширақ, әрі өздеріне сенімді екеніне көз жеткіздік. Еркін формадағы 11 сынып оқушылары мен колледж бітірушілер тексеруден де кедергісіз өтіп жатты.

Ресми дерекке сүйенер болсақ, Алматы қаласы бойынша 27 801 адам тестілеуге тіркелген. Оның 66%-ы қазақ тілінде, 34%-ы орыс тілінде, 43 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірген. 

талапкер
Фото: Александр Павский / Kazinform

Ұлттық тестілеу орталығының Алматы қаласы бойынша басшысының міндетті атқарушы Нұрсұлу Алибиеваның айтуынша, бүгінгі таңда 43 ереже бұзушылық анықталды. Балалар смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге әрекеттенген.

Нұрсұлу
Фото: Александр Павский / Kazinform

«ҰБТ талаптарын бұзған түлектерге, бірден акт толтырылып, олар аудиторияға жіберілген жоқ. Деседе, ол үміткерлерге екіншісін тапсыруға мүмкіндік беріледі. Бірақ, алғашқыда жіберген қателікке жол бермеу керек», - деді ол.

Талапкер
Фото: Александр Павский / Kazinform

Тест орталықтары жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі, психолог және медицина қызметкерлерімен қамтамасыз етілгенін де атап өткен жөн.

Бүгін кезекшілкке түскен, дәрігер Ерболат Сәрсенов түлектердің жағдайларын бақылауда ұстайтындарын жеткізді.

Ерболат Сәрсенов
Фото: Александр Павский / Kazinform

«Мұнда қатты ауытқұлар болмайды. Бала қобылжып, естерін жоғалтса, суын беріп, тыныштандырып, түсіндіріп қолдау көрсетеміз. Дене қызуы көтеріліп тұрса, әлбетте аудиторияға жіберілмейді. Ал, кішкене жөтеліп тұрса, маска тағады», - дейді дәрігер. 

Араға бір сағат салып, тест тапсыруға кіргендер ақырындап шыға бастады. Соларды сөзге тартып көрдік.

ҰБТ
Фото: Александр Павский / Kazinform

Биыл колледж бітірген Ұласбек Әмірханов енді жоғары оқу орнына түсуге ниетті. Ол ҰБТ тапсыруға дайындайтын орталықтардың біріне жарты жылдан астам уақыт барғанын айтты. Бүгінгі нәтижиесіне көңілі тоқ.

«Көңіл күй қалай? Жақсы. Курсқа қатысқан кезде кураторлар ҰБТ-ға «өздеріңді ең нашар балл алам деп барыңдар», деген. Өзім 60-70 деп ойлағам, алайда 80 балл жинадым. Қуанып тұрмын», - деп бөлісті ойымен Ұласбек.

Іле шала 119 балл жинаған жігіт шықты. Алайда, оның көңіл күйі жоқ.

«119 балл жаман емес. Бірақ, мен таңдаған мамандығым мен оқу орныма жетпеуі мүмкін. Болашақта дәрігер болсам деймін. Ал, оған түсу үшін кемінде 120 балл керек», - деп суретке түсуден бас тартып, жүгіріп кетіп қалды. 

Талапкер
Фото: Алма Мұқанова

Аружан Сағындыққызы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін үшінші курсқа көшкен кезде тастап кеткен. Себебі, таңдаған мамандығы ұнамаған.

«Бүгін Ұлттық бірыңғай тестілеуге екі жылдан соң, қайта келіп тұрмын. Себебі, алғашында таңдаған мамандығым өз қалауым емес еді. Жоғарыда аталған оқу орнына түсуге мені бауырым көндірген болатын. Содан, үшінші курсқа келгенде, күрделі шешім қабылдап, оқуды тастап кеттім. Бүгін тапсырып шықтым. Жаман емес.140 тан 80 алдым», - дейді алматылық ару.

Түлектердің арасында қандас бауырларымызда бар. 

қандас
Фото: Алма Мұқанова

«Қатты қобалжу болды. Көңілге қонымды нәтижемен шығып отырмын. Қытай елінен Қазақстанға былтыр келдім. Осында бір жыл арнайы курс дайындығанан өттім. Бар арманым Алматыда оқу», - дейді Мөлдір Ықылас.

Алматыдағы түлектер сынағының атмосферасы осындай.

талапкер
Фото: Александр Павский / Kazinform

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҰБТ басталғалы шекті балды 75% талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 68 балды құрады. Ең жоғары балл – 138, оны Түркістан облысының талапкері жинады. 

Естеріңізге сала кетсек, тестілеу аяқталғаннан кейін әрбір талапкер қандай тақырыптар бойынша қателіктер жібергенін көріп, тақырыптық талдау алады. Үш аптаның қорытындысы бойынша «Оқу сауаттылығы» пәнін ең жақсы тапсырды. Орташа есеппен, сұрақтардың 75%-ына дұрыс жауап берілген. Ал «Физиканы» тапсырған талапкерлер тек 36% тапсырманы дұрыс орындаған, олар үшін «Механикалық толқындар» тақырыбы қиын болды. Осылайша, ҰБТ нәтижелері бойынша тек сандар емес, сонымен қатар тақырыптар бойынша егжей-тегжей талдау да қолжетімді.

талапкерлер
Фото: Александр Павский / Kazinform

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға үш аптаның ішінде 387 талапкер қатысты.

Айта кетсек, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Соңғы жаңалықтар