ҰБТ: 99 елордалық мектеп түлегі «Алтын белгіні» ақтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу өз мәресіне жетті. Астана қаласының 99 түлегі тестілеуді сәтті тапсырып, «Алтын белгі» иегері атанды.

ҰБТ: 99 елордалық мектеп түлегі «Алтын белгіні» ақтады

Биыл Астана қаласында ҰБТ-ға 3399 мектеп бітіруші қатысты, деп хабарлайды astana.kz қалалық Білім басқармасына сілтеме жасап. Атап өтейік, Астана қаласының №59 орта мектебінің түлегі Риана Мұстафина ең жоғарғы 125 баллды жинады. Ал №10 және №70 орта мектептерінің екі түлегі 124 баллдан алды. Ұлттық бірыңғай тестілеудің Астана қаласы бойынша орташа көрсеткіші 86,26 баллды құрады. Еске сала кетейік, ҰБТ Қазақстанда осымен 12-ші рет өткізіліп отыр. Тестілеу таңдау пәнін қоса алғанда, 5 пән бойынша тапсырылды, сондай-ақ 3,5 астрономиялық сағатқа жалғасты. Биыл аттестатқа ҰБТ шеңберінде тапсырылған жалпы білім беру пәндері бойынша жылдық бағаны есептей келе, орташа арифметикалық баға қойылады. Бұдан бөлек, тестілеу нәтижелері Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланды, сайттағы нәтижені оқушының жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы білуге болады.