ҰБТ алдында ата-ана нені ескерген жөн — маман кеңесі

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде екі аптадан соң ҰБТ басталады. «Алғашқы сынақ» деп алаңдап жүргендер көп. Баламен қатар ата-ана да қобалжулы. Маңызды емтихан алдында оқушыға қандай қолдау қажет? Мазасыз жасөспірімді қалай тыныштандырамыз, керісінше, бейқам жүрген жеткіншекті қалай жігерлендіреміз? Осы сауалдарды елордалық психолог Анаргүл Ибрайымбековаға жолдадық.

ҰБТ алдында ата-ана нені ескерген жөн
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Маманның сөзінше, бала қандай нәтиже көрсетсе де ата-анасының жақсы көретінін ұмытпауы қажет. Ол үшін тыныштандыратын сөздерді айту маңызды.

ҰБТ алдында ата-ана нені ескерген жөн
Фото: Психологтың жеке мұрағатынан

— Ата-ана тарапынан ең маңызды қолдау — эмоциялық қауіпсіздік. Балада қандай нәтиже болса да, оны жақсы көретінін білу керек. «Бұл — тек бір сынақ, сенің құндылығың тек балмен өлшенбейді», «Біз сенің қолыңнан келгенін істеп жүргеніңді көріп отырмыз», «Қорықсаң да, біз қасыңдамыз, әрдайым қолдаймыз» деп қанаттандыру қажет, — дейді ол.

Тест алдында мазасыз, уайымшыл жасөспірімнің ұйқысы бұзылуы мүмкін.

— Іші ауырса, басы ауырса да осы кезде неден қатты қорқатынын және не үшін екенін сұраған жөн. Уайым сөйлесу арқылы тарайды, жеткіншек жақынымен әңгімелесу кезінде жеңілдейді, — деп қосты Анаргүл Ибрайымбекова.

Психолог мұндай жағдайда көмектесетін өте тиімді «дем алу» жаттығуын ұсынды. Бұл жүйке жүйесін тыныштандырады.

  • мұрынмен 4 секунд дем алу
  • 4 секунд ұстап тұру
  • ауызбен 6 секунд шығару
  • күніне 2–3 рет
  • 5–7 рет қайталау

— Бейқам, уайымсыз жүрген оқушыны жігерлендіру үшін қысқа мақсат қою қажет. Бүгін бір тақырып, ертең 30 тест, апта соңында бір сынақ. Мұндай кішкентай жеңіс адамға мотивация береді, — дейді психолог.

Оның айтуынша, талапкердің бейқам жүруі кейде жауапкершіліктен қашу немесе қорғаныс болуы мүмкін. Сондықтан таңдау құқығын беріп, қай пәннен бастаған, қай уақытта дайындалған ыңғайлы екенін нақтылаған жөн. Бұл оқушының ішкі жауапкершілігін оятады.

— Өз уайымыңызды балаға артпаңыз. ҰБТ баланың тағдырын шешпейді, тек бір кезең екенін ұмытпаған жөн. Ата-ананың тыныштығы — баланың тыныштығы. Сондықтан сабырлық танытып, оған қолдау көрсетіп, сенім артқан дұрыс, — дейді Анаргүл Ибрайымбекова.

Маманның пікірінше, жайбарақат балаға үнемі «сен жалғыз емессің» деп айту оның ішкі тірегін жоғарылатады. Жасөспірімнің ішкі рухын көтерумен қатар күн тәртібін де тұрақтандырған дұрыс. Мәселен, кемінде 7–8 сағат ұйқы, ұрыс-керіссіз гаджетті шектеу, үйде жайлы атмосфера орнатып, «ҰБТ» тақырыбын күніне 1-2 реттен артық қозғамау.

Психолог тесттен кейін біраз талапкер жылап немесе үндемей қалатынын айтады. Мұндай кезде бірден сұрақ қойып қыспаққа алмай, алдымен су беріп, 20-30 минут тыныштықта отырып, сонан соң өзін қалай сезініп тұрғанын сұраған абзал. Бұл жас жеткіншектің көңіл күйі мен алдағы уақыттағы арадағы қарым-қатынас үшін де маңызды.

— Оқушы тесттен аз балл алса ата-ана да, бала да альтернативалық шешім бар екенін естен шығармаған жөн, — дейді психолог.

Айта кетейік, Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ тапсыратын талапкерлерге маңызды ақпаратты жариялады.

Соңғы жаңалықтар