ҰБТ барысында оқушыларды тінтуге қатысты «ыңғайсыз» жағдай Аграрлық университеттен басқа ешбір жерде орын алған жоқ - Б. Жұмағұлов

АСТАНА.  18 маусым. ҚазАқпарат -  Тестілеу барысында оқушыларды тінтуге қатысты «ыңғайсыз» жағдай Аграрлық университеттен басқа ешбір жерде орын алған жоқ.

ҰБТ барысында оқушыларды тінтуге қатысты «ыңғайсыз» жағдай Аграрлық университеттен басқа ешбір жерде орын алған жоқ - Б. Жұмағұлов

Бұл туралы бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

«Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында түлектерді тінтуге қатысты «ыңғайсыз» жағдай Аграрлық университетте ғана орын алған бірегей мәселе болып отыр. Онда, Сарыарқа ауданының ішкі істер қызметкерлері «Шаш ал десе, бас ал» деген әдетке басып, 3-4 баланы тіміскілеген. Мұндай жағдай 154 орталықтың басқа ешбірінде орын алған емес. Дегенмен, әлгі мәселеге қатысты менің орынбасарларымнан бастап, комитет төрағасына дейінгі жауапты тұлғалардың бәріне сөгіс берілді. Ал ұлттық тестілеу пунктінің басшысы жұмысынан босатылды», - деді Б. Жұмағұлов.

Министрдің пайымынша, тестілеуге қатысты балалардың бәрін жаппай тінтуден өткізу дұрыс шара емес.

«Сондықтан да, бір ғана орталықта орын алған олқылықты түзеттік, жалпы мен ондай мәселені қолдамаймын. «Баларды тіміскілемек тұрмақ, оларға қол тигізбеңдер», - деп тапсырма бергенмін», - деді Б. Жұмағұлов.